Қапшағайда демалушылар қауіпсіздік талаптарын сақтамайды

Қапшағай су қоймасында осы шомылу маусымында 8 адам суға батып, көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі демалушылар қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Ішімдік ішіп алып, тыйым салынған жерлерде суға түседі. Балаларды қараусыз қалдырады. Құтқарушылар осылай деп дабыл қағып отыр. Биыл Қапшағайда демалушылар өте көп. Сенбі, жексенбі  ғана емес, жұмыс күндері де жағажайда кісі қарасы қалың. Оның үстіне күн райы да қатты ыстық болып тұр. Сондай-ақ пандемия кезінде суға түсе алмаған жұртшылық қазір мұнда ағылып келіп жатыр. Әзірге су қоймасында 25 -ке жуық құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Жақында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілуіне байланысты жедел құтқару жасағы қызметкерлерінің саны тағы 46-ға көбейеді.  

Жандос Құмарбеков, республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

– Қауіпті деген жерлерді түгелдей бекітіп қадағалауда ұстап отырамыз. Десе де, су қоймасының аумағы үлкен. Келушілер көп. Демалушылар қала жағажайынан бөлек тыйым салынған жерлерге барады. Десе де қазір біз өз жұмысымызды атқарып жатырмыз. Күнделікті рейд жүргізіп, халықты қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз. Бірақ, су жағасынан алыс шомылмау керек, деп қанша айтып жатақ та ішімдік ішіп алғандар тыңдамайды. Түнде келіп түседі. Судың түбі тегіс емес. Ойлы шұңқыр. Сондықтан батып кету қаупі өте жоғары.