Ақтөбеде көшелерге елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі беріледі

Ақтөбеде 50-ге жуық көшеге елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің есімі беріледі. Сондай-ақ 20 тұрғын алабының аты өзгереді. Белгіленген талапқа сай зерттеу жүргізіп, тұрғындардың да ұсынысын жинаған жұмыс тобы енді республикалық ономастикалық комиссияның шешімін күтіп отыр.

Бақтыгүл Әбілқанова «Жаңақоныс-2» ауылының тұрғыны. Елді мекен соңғы жылдары қала аумағында пайда болған алаптардың бірі. Бірақ салынған үйлердің саны көбейіп жатқанымен көшелерінің атауы жоқ. Бұл осындағы тұрғындардың ортақ мәселесі болып тұр. Себебі дәрігер мен өзге де құтқарушылардың көмегі қажет болса, дереу келе алмайды. 

Бақтыгүл Әбілқанова, «Жаңақоныс-2» ауылының тұрғыны:

- Көшенің атауы жоқ. Таксистер әрбір үйдің қасында номері жоқ, мысалыға. Нешінші учаске екенін білмейді, таба алмай жүреді. Скорый таба алмайды. Шақырған адамдар жолдың бойына шығады.

Биыл бұл ауылдың 13 көшесіне атау беру көзделіп отыр. Мұндай жұмыс өткен жылы Есет батыр есімі берілген шағын ауданда да жүрмек. Сондай-ақ қала бойынша 36 көше атауының ескіруіне байланысты жаңаша аталатын болады. Шаһар аумағындағы соңғы жылдары салынған тұрғын үй алаптарына да ат берілмек. Мәселен, бүгінде «Батыс-1», «Батыс-2» деп аталатын шағын аудандарға «Алтын орда», ал Заречный-4 ауылына «Сарайшық» атауы енгізілмек. Көшелерге де еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың есімі енгізіледі.   

Мира Балтымова, қалалық ономастикалық комиссияның мүшесі:

- Елімізге және әлемдік қоғамдастықта танымал тұлғалардың есімдері беріледі. Соның ішінде атап өтетін болсақ, осы жолы біз Ақтөбе өңірінен шыққан мынау Сары батақ ұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Досжан Хазірет, Ізтай Мамбетов, Рабиға Сыздық, Мақсот Құсайынов сынды белгілі қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың және ғалымдардың есімін беріп жатқанымызды айтқым келеді.

Шағын аудандар мен көшелерге атау беру республикалық ономастикалық комиссия мақұлдаған тізімдер бойынша жүрмек. Ал жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын арнайы құрылған жұмысшы тобы жинақтаған. Оның құрамында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мпүшелері де бар.

Анар Даржанова, қалалық мәслихаттың хатшысы:

- Қала бойынша 20 тұрғын массивінің атауына жаңа атау беру туралы ұсыныс қабылданды және де 47 атауы жоқ көшеге атау беру және де 36 көшенің атын ауыстыру бойынша шешім қабылданды. Бұл шешім қабылданған кезде  осы біздің дәстүрлі атаулар,  тарихи тұлғалардың аттары ескерілді және тұрғындардан түсіп жатқан ұсыныстар ескерілді.

Жалпы бұл қала деңгейінде қабылданған жоба. Енді оны республикалық ономастикалық комиссия қарауы тиіс. Нақты шешім жыл соңына дейін белгілі болмақ. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев