Ақтөбеде баспанаға мұқтаж төрт отбасының арманы орындалды

Жомарт жандар үйі жоқ жанұяларға қуаныш сыйлады. Сондай-ақ тағы екі отбасының кәсіп бастауына көмек көрсетті.

Талай қиындықты басынан өткерген бес баланың анасы Жеңісгүл Ахметова, өзіне баспана алу үшін қаржы берілгенде қуанышын жасыра алмады. Ұзақ жылдан бері пәтер жалдап тұратын ол, соңғы уақытта тапсырыс бойынша үй және тұрмыстық жиһазды тазалаумен күн көрген. Себебі өзіне демеу болатын жолдасы жоқ. Ал бала күтімі үшін алатын жәрдемақы отбасының қажеттілігінен ауыспайды. Сондықтан кейде кіші баласын қолына алып жүріп, кез келген тапсырысты орындаған. Бүгінгі шара барысында оған жаңа шаңсорғыш және тұрмыстық заттар берілді.   

Жеңісгүл Ахметова, қала тұрғыны:

- Жұмысқа кіре алмайтын болған соң мен міне пылесоспен нан-шәйімді тауып жүрдім да. Мен мұндайды күткен жоқпын. Алладан қайтсын. Алладан мың есе қайтсын бұл кісілерге.

Дәл осындай қуанышқа алты отбасы кенелді. Оның төртеуіне баспаналы болу үшін көмек берілсе, екеуіне кәсіп бастауға материалдық қолдау көрсетілді. Көмекке мұқтаж жандарды еріктілер тапқан. Ал олардың арманын орындау үшін ақтөбелік кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар қол ұшын берген. Барлығының күш-жігерін игі іске бағыттаған «Асар Үме» қоры. Өткен айдың ортасында ғана елордада құрылтай өткізіп, жолға шыққан қор мүшелері Ақтөбеге дейін бес қалада әлеуметтік жағдайы нашар біраз отбасын қуанышқа бөлеген.    

Асхат Нұрмашев, қайырымдылық қорының президенті:

- Демеушілер бар, кәсіпкерлер бар, қарапайым халық бар осы 20 күн ішінде, үш аптаның 111 млн теңге жинадық. Халықпен бірге. Сондай қаражат. Жеті отбасыға үй сыйлаған болатынбыз. Бес отбасына кәсіппен көмектестік.

Жалпы қордың құрылғанына үш жылдан асып барады. Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыс аз емес. Негізгі мақсаты мен міндеті де ел азаматтарының жағдайын түзеп, табысын арттыру туралы бағдарламаға сәйкес келеді. Сондықтан да тиісті министрлік тарапынан қолдауға да ие.

Назгүл Сағындықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

- Осы 3 жылда 3 миллионнан астам азаматтардың көмегімен қаншама мұқтаж отбасыларға, қиын жағдайдағы отбасыларға үй сыйлады. Бұларды жұмысқа орналастыру мәселелері де қарастырылады. Бизнеске бағыт бастауда, оқуға да сондай шараларды қолға алып жатыр.

Мұндай қайырымдылық шара әрі қарай жалғаса бермек. Бастысы, игі іске қолдау көрсетуші жандар да табылып жүр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов