Алаяқтар аңқауларды жарнамамен арбайды

Ақмола облысында интернет-алаяқтар азаймай тұр. Өкінішке орай, оларды қолға түсіру де қиындық туғызып отыр.

Жыл басынан бері 400 қылмыс тіркелсе, әлі күнге соның тек 65-і ғана ашылған. Кибералаяқтар көп жағдайда аңқау азаматтарды жалған жарнама беру арқылы құрығына түсіреді. Ол аздай онлайн несие рәсімдейді. Банк есепшотынан ақша ұрлайды. Әбден әккіленіп алған алаяқтар кез келген адамға қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, қажетті ақпаратты оп-оңай алады. Алданған тұрғындар сан соғып қалып жатады. Ең сорақысы, олар қылмыстық жоспарларын үнемі құбылтып отырады.

Дмитрий Федоров, облыстық полиция департаментінің жедел уәкілі:

- Қылмыскерлер іздерін жасыру үшін телефон номерін жиі ауыстырады. Сондықтан оларды анықтау қиынға соғады. Оның үстіне жәбірленушілер де полицияға өте кеш хабарласады. Телефон жадындағы алаяқпен алмасқан хаттарын өшіріп тастайындар да бар. Яғни бізге дәлел жеткіліксіз.