Алматыда есірткіні жасырын жарнамалау тыйылар емес

Алматыда есірткіні жасырын жарнамалаған хабарландырулар азаяр емес. Есірткіні тығып сататындар түрлі айла-тәсілге көшкен. Түйіншектерді тұрғын үй аулаларына көміп қояды. Тіпті адам көп жүретін қоғамдық орындарға да тастап кетеді. Қазір қалада үйлер мен ғимараттардың қабырғасындағы жазбалар өшіріліп жатыр. Оған волонтерлер да жұмылдырылды. Алматы полицейлері есірткіні жарнамалайтын суреттерді бояп, аумақтарды тазартуға тұрғындарды да атсалысуға шақырады. 

Есірткіні жасырын жарнамалайтын жазбаларды өшіру бір ғана учаскелік полиция инспекторының қолынан келмейді. Онымен қоғам болып күресу керек. Қаскөйлердің мақсаты осындай құйтырқы әдіс арқылы жастарды арбап, торға түсіру.

«Біздің қолымыздан онсыз да бояу түспейді. Көре қалсақ бірден өшіреміз», - дейді тәртіп сақшыларды. Сондықтан бұл шараға волонтерлердің де қатысуын өтінген.

Қайрат Слямбаев, учаскелік полиция инспекторы:

- Көбінесе жастармен бірігіп графикалық суретттерді өшіру, ауданда орналасқан КСК қызметкерлерімен бірге тұрғындармен бірлесе отырып, осы нашақорлықты жарнамалайты графикалық суреттерді өшіріп жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағынан жастармен бірлесе отырып, 1450 үй қабырғаларында және қоғамдық орындарда белгіленген нашақорлықты жарнамалайтын граффити суреттер өшірілді.

Полицейлердің айтуынша, нашақорлар да, оны сататындар да ақша табу үшін жарнама жазатындар да ештеңеден тайынбайды. Тіпті күндіздің өзінде жазуларын жазып, түйіншектерін іздеп жүре береді. Жазба қалдырып жатқандардың үстінен түсіп ұстап алған. Ондайларға бірден қылмыстық іс қозғалады.

БЛИЦ: 

- Мен бірнеше рет көрдім көміп жатқандарын. Осы жақында ғана тағы байқап қалдым. Өздері ешкімнен қорықпайды. Жап-жас жігіттер. Мұнымен күреспесе ұрпағымыз не болады?! Есірткі деген зиян ғой. Жастарымыз тәуелді болмасын. Күресу керек.

- Бұл барлығымызды ойландыратын мәселе. Балалардың телефондарын арагідік қарап отыру керек. Қандай сайтқа кірді, кіммен сөйлеседі. Қараңызшы ап-ашық бәрі жазулы тұр. Мен мұны түсінбеуім мүмкін. Ал жастар бір көргеннен біледі.

Тұрғындардың сөзін волонтерлер де қостайды. Нашақорлықты насихаттайтын жарнамаларды бірден байқауға болады. Ал оның бір-екі мәрте дәмін көрген адам есірткінің жетегінде кетеді. Әсіресе оған жасөспірімдер бейім келеді.  

Алина Ерлан, волонтер:

- Жаз бойы осындай жазуларды өшіріп келеміз. Өте көп. Бүгін өшіріп кетсең ертең қайта тұрады. Көбіне тұрғын үйлердің алдына емес, артқы қабырғасына жазып кетеді. Онда әлеуметтік желіге сілтеме тұрады. Әрі қарай оп-оңай тауып алады.

Нашақорлықпен күрес күшейген сайын синтетикалық есірткілерді қолдану белең алып барады. Қазір Алматының бір ғана Әуезов ауданы бойынша 200-ге жуық нашақор диспансерлік тіркеуде тұр. Сондықтан полицейлер тұрғындардан күмәнді жарнаманың қасынан бей-жай өтіп кетпей, қайта өшіріп бояп тастауға кеңес береді.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев