Тарифті заңсыз өсірген «ҚазТрансГаз Аймақ» 2,3 млрд теңге табыс тапқан

Қызылорда облысының тұрғындары биыл 1 тамыздан бастап газ үшін төмендетілген тарифпен төлейді.

Ал «КазТрансГаз Аймақ» компаниясының осы өңірдегі департамент басшыларына қатысты тергеу басталды. Олар жоғары тарифтер арқылы негізсіз пайда тапты деген күдікке ілінді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, 2020-2021 жылдары заңсыз қызметтен 2,3 млрд теңге қаражат түскен. «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы газ тасымалдау қызметіне монополиялық жоғары тарифті белгілеп, төлем алып отырған. Тергеу барысында тарифтерге өзгерістер енгізіліп, табиғи газ бағасы арзандады.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты жоғары тарифті қолдану арқылы негізсіз пайда табу дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 2020-2021 жылдардағы заңсыз қызметтен түскен қаражат 2,3 млрд теңге екендігі анықталды. Тергеу барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы департаментіне белгіленген тарифтерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасалып, нәтижесінде табиғи газ бағасына тариф төмендетілді.