Қызылордада тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Қызылордада тұрмыстық зорлық-зомбылық тыйылмай тұр

Қызылордалық полицейлер отбасында ұдайы ұрыс-керіс шығаратын 900-ге жуық ер адамды анықтап, арнайы тізімге қосты. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылғанмен, әйелге қол көтеру дерегі тыйылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстағы 102 телефон желісіне күнде жүздеген хабарлама түссе, жартысына жуығы ерінен теперіш көрген әйелдер. Сондықтан полицейлер есептегі мекен-жайларды аралап, заң талаптарын түсіндіріп жүр. Мінекей, көз жасы етегіне толған тағы бір келіншек тәртіп сақшыларына хабарласып отыр. Араққа сылқия тойған отағасы жұбайының жүктілігіне қарамастан жұдырық жұмсай бергенде амалын тауып, далаға қашып шығыпты. Көмек сұрай үйді айналып жүгірген әйелді көрген көршілері полиция шақырды. 

Спирттік ішімдікке әуес бұл азамат полиция қолына бірнеше рет түсіп үлгерген. Жуырда ғана 30 күндік санкция салынған екен. Тәртіптік мерзімді ерте бұзғаны үшін ол 4 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ал оның көк ала қойдай сабалып, шошып қалған әйелі алдағы күндерге алаңдап отыр.      

Айгерім Ерболат, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкері:

– Арызданушының қалауына қарай ҚР тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы заңының 20-бабына сәйкес құқық қорғау органдарының қорғау нұсқамасы санатымен есепке алынады. Полиция қызметкерлері апта сайын профилактикалық мән-мағынасы бар жұмыстарын атқарып отырады.  

Аузына арақ тисе, жалғанды жалпағынан басып, отбасының шырқын бұзатын күйеуінен қашып қайда баратынын білмей ондаған әйел жүр. Үйелмелі-сүйелмелі баласын сүйретіп бірі туған-туысын жағаласа, енді бірі дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр. Дәл қазір 18 келіншек психолог мамандардың қарауында екен.

Бақытгүл Сералы, әйелдерге арналған дағдарыс орталығының психолог маманы:

– Біз оларға экономикалық, психологиялық, медициналық тұрғыдан, мектеп жағдайында көмек береміз. Бізде 6 ай жатуға рұқсат берілген. Сол мерзімде жағдайын түзеп алу керек. Жыл басынан бері 237 адам түсті, оның ішінде 67 ана қалғаны балалар.

Өткен жылы полицейлер шаңырақтың берекесін қашырған мыңға жуық азаматты тіркесе, биыл ол тізімге тағы 852 ер адам қосылып отыр. Бұл отбасылардың барлығы тәртіп сақшыларының ұдайы бақылауында болады. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов