Қарағандыдағы әскери сайысқа тоғыз елдің сарбазы қатысып жатыр

Қарағандыдағы Спасск әскери оқу-жаттығу полигонында «Тактикалық мергендер» сайысы өтіп жатыр. Халықаралық жарысқа 9 елден 60 әскери келген. Олар 7 күн ішінде түрлі тапсырмаларды орындайды. Мұнда тек мергендік қана емес, шапшаңдық, тапқырлық, командалық рух секілді қасиеттер де есепке алынады.

Сонымен 5 күннің қорытындысы бойынша қай ел алда келеді?

Оқ қарша бораған ұрыс алаңынан жаралы жауынгерді алып шығу мергендерге қойылған күрделі талаптың бірі ғана. Сарбазды алмастыратын 80 келілік ауыр жәшікті 15 метрге дейін сүйреп апару керек. Ең қиыны сол аралықта 23 нысананы жою қажет. Сонымен қатар санаулы секундта тар саңылаудан тапаншамен оқ атып, 30 метр қашықтықтағы 18 нысанаға дөп тигізуі шарт.

Руслан Молдабаев, мерген:

- Мен енді бұл тактикалық мергенге былтырғы жылы Ресей мемлекетінде бірінші рет қатысқан болатынмын. Биыл сол өз жерімізде екінші рет қатысып отырмын. Әрине өзгешеліктер бар, жаттығулар бөлек болып жатыр. Дайындық та бөлек қой былтырғыға қарағанда. Басқа мемлекеттердің де қарқындары жақсы, мықты. Дайындалып келгендері көрініп отыр.

Ал келесі кезеңде жауынгерлер жұп болып жарысты. Әр-түрлі қашықтықтағы нысаналарды кезекпен атып түсіруі тиіс. Оның кейбірі жасырын орналасқан.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қатысушыларға 25 нысананы жою үшін тура 10 минут уақыт беріледі. Бірақ мергендердің барлығы бұл тапсырманы шамамен 2-3 минуттың ішінде орындап жатыр. Әзірге мүлт кеткен жоқ.

Жарысқа барлық 9 мемлекеттің командаларының да тыңғылықты дайындықпен келгені байқалып тұр. Дегенмен 7 түрлі жарыстың 4-де әзірге Қазақстан құрамасы көш бастап келеді.    

Ризабек Еламанов, Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы

- Енді оның себебі менің ойымша біріншіден біздің арнайы тәсілмен дайындалуымыз, өткен сайыстарды көріп, қалай дайындалуын білдік. Екіншіден, біздің жабдықтарымыз, қару-жарақтарымыздың барлығы заманауи, жоғары деңгейде болуы. Үшіншіден ең басты ойлайтыным бізге күш-қуат беретін, намысымызды көтеретін бұл туған жеріміз, біздің топырағымыз, біздің ауамыз.

«Жарысты сенбі күні «Дуэль» эстафетасы түйіндейді. Мергендер үшін ең қиыны да сол болмақ», - дейді төрешілер. Ал нәтижесі тамыз айының 21-і күні жарияланады. 

Ардақ Асылханұлы, Сайлан Игіліков, Зарина Зұлпыхар