Шымкенттегі мал базарында ветеринарлық бақылау жоқ

Шымкенттегі мал базарында ветеринарлық бақылау жоқ

Шымкенттегі Еңбекші ауданына қарасты мал базары инфекциялық аурулардың таралу қауіпі жоғары аумақ тізіміне енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары базарға шығарылған төрт түлік ешқандай тексеруден өтпейді, дейді. Мұнда апта сайын Шымкент пен аудандардан жүздеген мал әкелінеді. Бірақ ветеринарлық бақылау жоқ. Тексеру кезінде дезинфекция жүргізілмейтіні де белгілі болды. Ал жергілікті әкімдік өкілдері базар аумағының жер телімі мақсатты пайдаланылмағаны үшін сотқа арызданыпты. Құрылыс-монтаж жұмыстары талапқа сай болмағаны үшін кәсіпкерге 1 миллион 346 мың теңге айыппұл салынды. Ал базар басшысы барлық кемшілікті жою үшін уақыт сұрап отыр.

Досбол Есілбек, Еңбекші ауданының әкімі:

– Кәсіпкерге ешқандай зиян келтіру ойымызда жоқ, заң талаптарына сәйкес болатын болса. Біздің мақсат халықтың қауіпсіздігін сақтау. Қалаға қазір көріп отырсыздар қаншама мал кіріп жатыр. Қайдан келіп жатыр? Алыс-жақыннан келіп жатыр. Тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қандай мал келіп жатыр? Қауіпті аурудың бірі шығатын болса, бүкіл қаланы жауып тастауға жетеді.

Мұрат Мариев, базар есепшісі:

– Навесті 300 метр әрі қарай қозғаңыздар деді. Кешегі сөзі. Қозғаймыз дедік. 50 метр үлкен жолдан қашық болсын деді. Істейміз дедік. Мына кіре беріс есікті мына жерге емес, ана жақа қоятын болдық. Мұның бәрі уақыт. Жұмыс уақытты алады.