Artsport: Қарағанды облысында қордаланған мәселе көп

«Артспорт» бағдарламасы аясында 300-ге жуық баланы спорттың бірнеше түрімен жаттықтырып жүрген Айсұлу Жұмабекке мамыр айында ай сайынғы төлемнің 83 проценті ғана түскен. Қалғаны мәслихат сессиясында қосымша қаржы сұралған, мақұлданған соң беріледі депті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда мамырды қойып, міне, тамыздың соңы болды. Содан бері сан мәрте уәде берілген, бірақ тиісті қаржысы берілмеген.

Айсұлу Жұмабек, «Артспорт» бағдарламасы бойынша қызмет көрсетуші:

Дзю-до, шахмат, би және живопись секциясы бар. Өзімде 6 бапкер бар, оларға да 2 ай айлық төленген жоқ. Салықтың алдында қаншама қарыз, өсім, кредит бар.

«Артспорт» негізінен екі бағытты қамтитыны белгілі. Алғашқысы спорттық және екіншісі шығармашылық бағыт. Қарағанды облысында спорттық бағытқа қаржы басқармасының ақпаратынша, биыл 1 млрд 662 млн теңге бөлінсе, шығармашылыққа 927 млн теңге бөлінген. Дәл қазіргі берешек 120 млн теңгеден асады. Ал мәслихат отырысында бөлінген тағы 422 млн теңге әлі жоспарға енгізілмеген. Жауаптылар бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп отыр.

Ардақ Сәттібаева, қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз Қарағанды облысы тарапынан тиын-тебеніне дейін санап қаржыны нақтыладық, енді Ұлытау облысы өз бюджетін нақтылайды. Осы кезде дәлме-дәл сәйкестік болмаса, қазынашылық жүйесі барлық жоспарды қабылдамай қояды. Сондықтан бұл аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Бұл жәй бюджет нақтылау емес, облыстың екіге бөлінуі. Сондықтан бұл күрделі жұмысты келер аптаның соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

Жиынға мемлекеттік кіріс департаменті мен екінші деңгейлі банк өкілдері де шақыртылған. Олар әкімдік барлық қызмет көрсетушілер атынан ортақ хат жазса, қызмет көрсетушілердің салықтық төлемімен несиені кешіктіріп төлеуіне жағдай жасалатын болады деді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпхар