Қостанай қаласының 143 жылдығы кеңінен атап өтілді

Қостанай қаласының 143 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. 

Халқымыздың терең тамырлы тарихы мен төлтума мәдениеті көрініс тапқан мерекелік шаралар мазмұндылығымен, мәнділігімен ерекшеленді. Ежелгі технологиялар мен коммуникациялардың халықаралық фестивалі, жаугершілік замандағы қару-жарақ, тұрмыс бұйым, қолөнер туындыларының көрмесі, кітап жәрмеңкесі той думанға ұлттық рухани сипат берді. 

Жағалай тігілген киіз үйлер, сақ дәуірінің киімін киіп, қару-жарағын асынған жауынгерлер, бір шетте жүн түтіп, киіз басқан қыз-келіншектер. Тобыл өзенінің жағасындағы алаңқайға барғанда ежелгі қонысқа тап болғандай әсер алдық. Балдырған Аңқауова кілем тоқуды бала кезден менгерген. Бірақ кейін қол үзіп, бес-алты жыл бұрын ғана қайтадан жаңғырта бастапты. Негізінен тықыр кілем тоқиды.

Балдырған Аңқауова, кілем тоқушы: 

– Мен қазір бір метрден 3 метр солай тоқимын, 2 метр, сосын мынандай шағын кілемшелерді тоқимын.

– Қанша уақыт кетеді мынандай кілемше тоқып шығуға?

– Үлкендеріне бір ай, бір ай жарым солай кетеді.

Жүзге жуық жас домбырашының бір мезетте Құрманғазының, Нұрғисаның күйлерін орындағанда жиналған жұрт ерекше риза болды. Міне осындай төлтума мәдениетімізбен, текті тарихымызды таныту арқылы, жас ұрпаққа ұлтымыздың тамыры тереңде екендігін сезіндіру, дейді ұйымдастырушылар. 

Ерлан Қалмақов, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- Осы біздің ұлтымыздың тарихын бір қилы тұстарын, қызықты тұстарын әсіресе өскелең ұрпаққа түсіндіріп, көрсетіп, оның мазмұндылығын, маңыздылығын жеткізуіміз керек болды. 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өз құттықау сөзінде, Қостанай бүгінде сан саласы дамыған, көрікті қалалардың біріне айналғандығын атап өтті. 

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі: 

- 1879 жылы Тобыл өзенінің сол жақ жағалауында шағын қоныс ретінде пайда болып, бірте-бірте қазақ даласындағы сауда жәрмеңкесінің орталығына айналған Қостанай бүгін экономикасы, мәдениеті өнеркәсіп, тіршілік көзінің сан-саласы дамыған ірі әкімшілік орталыққа айналды.  

Екі күнге жалғасқан қала күні мерекесі қазақстандық белгілі әншілердің концертімен түйінделді. 

Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров