Шымкентте стадион егістік алқабына айналды

Шымкентте стадионға жүгері мен ағаш егіп тастаған. Тассай тұрғын үй алабында халық игілігіне жарап тұрған жердің аяқасты иесі пайда болыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол аумақты тұқымбаққа айналдырмақшы. Ал жергілікті халық бұл шаруашылыққа қарсы. Тассайлық Талдыбек Мәдібеков – стадионды күтіп ұстаушылардың бірі. Ол ірі доп додасын өткізу үшін аумақты күл-қоқыстан тазартып, футбол қақпасын да орнатқан. Түрлі мерекелік шараны лайықты атқаруға да таптырмас орын. Бірақ бұл жер телімі Түркістан облысына қарасты аграрлық колледжге тиесілі болып шықты.

Талдыбек Мәдібеков, қала тұрғыны:

Бір күні қараймын алма егіп тастады. Мынаны қоршағаннан кейін. Одан кейін қараймын, мына жақтың бәрін айдап тастады. Қоршағаннан кейін кім кіреді? Мысалы мына 5-6 бала кірсінші айыппұл салғызып тастайды. Әке-шешесін шақырады. Жер сұрап едім, Тассай елді мекенінде ине шаншитын жер жоқ.

Жиырма мыңға жуық халық қоныстанған Тассай тұрғын алабында бұдан өзге стадион жоқ. Мектептегі шағын ойын алаңы жөндеуді қажет етеді. Ал спорт үйірмесіне қатысатын балалар аядай залда жаттығуға мәжбүр.

Серік Ахметов, жаттықтырушы:

Осы жерде футбол ойнадық. Осы жерде күрестен жарыс өткіздік. Мұнда егілмей тұрғанға дейін осы жерге кіріп тренировка жасап жүрдік. Балдар крос жүгіреді. Футбол ойнап тренировканы осы жерде жасаймыз. Енді егіп тастады. Болды ішіне кіре алмаймыз. Тек қана кішкентай залымыз бар сол жерде тренировканы істейміз.

Аграрлық колледж сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін 6 гектардан астам аумақ қоршалды. Жерді тиімді игеру мақсатында ашық аспан астындағы тәжірибе алаңын құрмақ. Сондықтан мамандар алқапқа дән сеуіп, тал-теректің түрлі көшетін еккендерін айтады. Бірақ жерді халықтың игілігіне қайтаруға құзыреті жетпейтінін айтады.

Рахымжан Айтқұл, колледж директорының орынбасары:

– Біздің негізі құрылтайшымыз – облыс әкімдігі. Ал оны мына жерден кесіп, мына бала сұрады, ана кісі сұрады деп бере салсақ, ертең бұл қылмыстық іс қозғалады. Бұл кісілер жазып, сол жақтан нұсқаулық алса, ол бізге келіп түссе, шешім шығып берілсін десе, госакт-ты өзгертіп берсе, қарсы емеспіз.

Жергілікті әкімдік өкілдері тұрғындардың өтініш тілегі ескеріліп, егжей-тегжейлі жоспар құжатына тексеру жүргізіліп жатқанын айтады.

Амангелді Омаров, Қаратау аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:

Өтініштер түсті. Қазіргі таңда жер басқармасы тарапынан генплан бойынша қаралуда. Енді жауап әлі келген жоқ. Жауап келсе, қосымша хабарлаймыз.

Жергілікті тұрғындар футбол стадионын ел игілігіне қайтарсын деп талап қойып отыр. Өйткені бұқаралық спортқа бейім жастар көше кезіп кете ме деп алаңдайды. Құзырлы мекемелерден ешқандай қолдау болмаса, ел Президентінен көмек сұраймыз деп бекініп отыр.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы