Абай облысындағы ауылда адам жанын шүберекке түйіп өтетін көпір бар

Абай облысы Жарма ауданындағы Жанама ауылының тұрғындары осыдан 50 жыл бұрын салынған көпір құлап қала ма деп алаңдайды. Себебі нысан бұған дейін бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген. Шағын елді мекенде бұдан басқа да шешілмеген мәселе көп. Жергілікті билік өкілдері бұған не дейді?

Жүз елуге жуық тұрғыны бар Жанама ауылын көрші елді мекен мен республикалық жолмен жалғайтын жалғыз көпір құлаудың аз-ақ алдында тұр. Нысан салынғалы бері бір-ақ рет жөнделген. Оның өзінде тұрғындардың күшімен тірек бағандары нығайтылған.

Бұлбұл Түсіпова, ауыл тұрғыны:

- Ескі көпір. Шопырымыз бітеп қойған. Әйтпесе үлкен тесік. Балалар түсіп кетуі де мүмкін оған.Көктемде су да шайып кетуі мүмкін. Жақында көмір тасиды. Көмір тасыса көпір құлап, машиналар жүре алмайды.

Серікбол Омарұлы, ауыл тұрғыны:

- Мына жерден қазір бір адам өтсе, ар жағында машина күтіп тұрады. Машина өтсе, екі адам күтіп тұрады. Адам мен көлік қатар өтетіндей жалпақ болуы керек қой.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекенде шешілмеген мәселе шаш етектен. Балаларға арналған ойын алаңы қалай болса солай салынған.  Бұдан бөлек жанамалықтардың жанына батып жүрген үлкен мәселенің бірі – жарық.   

Гүлсім Әдрішова, ауыл тұрғыны:

- Жарық дұрыс емес. Анда-санда бір жанады. Біздің көшеде мүлде жоқ. Мектебіміз ар жақта. Үш-төрт шақырым жер. Кейде автобус болмай қалғанда балалар түнде жаяу келеді. Жарық жоқ. Темір жол бар. Ит-құс жүреді түнде.

Жарма ауданы әкімдігі Жанама ауылының мәселесін жақсы біледі. 

Ернар Бексұлтанов, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл көпір 60 жылдары салынған. 40 жылдан астам уақыт өтті. Қазір ауыл әкімі құжат дайындап жатыр. Дайын болғаннан кейін жаңа көпірдің құрылысын келесі жылдың бюджетіне жоспарлап отырмыз.

Көпірді жөндеуге нақты қанша қаражат қажеттігін аудан әкімінің орынбасары айта алмады. Ал ауыл тұрғындарының есебінше, 50 миллион теңге шамасында қаржы қажет.

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы