ТМД және ЕАЭО жастары форумы аяқталды

ТМД және ЕАЭО жастары форумы аяқталды

Форумда көп көңіл бөлінген тақырыптардың бірі - ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ аясында жас кәсіпкерлердің экономикалық интеграция мүмкіндіктері болған. Бұған арналған пікірталасқа елуден аса делегат қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандағы жас мамандар резерві бағдарламасы да оң бағаға ие болды. Кәсіпкерлерге келетін болсақ, форум делегаттарының айтуынша, түрлі елдерден келсе де, бірдей қиындықтарға тап болады. Бұл бизнес ашқан кезде дағды мен қаражаттың жетіспеуі. Форумның да міндеті - бірлесіп осы мәселелердің шешімін табу. 

Тимур Жаркенов, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары:

- Мемлекеттік қолдау және жеке меншік кәсіпкерлікті дамыту бойынша Қазақстан алғы қатарда тұрғаны анықталды.  Мәселен қырғыз әріптестеріміз өз еліндегі халықаралық алаңдардағы жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Сонымен бірге тап Қазақстанмен, Астана халықаралық қаржы орталығы мен Астана хабымен бірлескен жұмыс тәжірибесі туралы айтып берді.  Біздің жұртқа көрсететін және мақтан тұтар дүниеміз бар. 

Мады Толомушов, қырғызстандық кәсіпкер:

- Бүгінгі форум кәсіпкерлерге мол мүмкіндік береді, атап айтқанда жаңа нарықтар ашылады. әлемдегі соңғы оқиғаларға байланысты көбі Ресей нарығынан кетіп жатыр. Жалпы Қазақстанмен өте белсенді жұмыс істеп келеміз. Бірақ қазір Ресей нарығына шыққымыз келеді.

Жастар форумы Еуразиялық үкіметаралық Кеңесінің мәжілісімен бір мезгілде өтіп жатыр. Бүгін таңертең қос шараның қатысушылары бірге бас қосты. Жастар Одаққа мүше елдердің вице-премьерлерімен өз ойларымен бөлісті.

Михаил Мясникович, ЕЭК коллегиясының төрағасы:

- Еуразиялық эконмикалық Комиссия өкілі, Коллегиясының төрағасы ретінде басты міндетім - байланыс орнату деп санаймын.

Айк Арутюнян, делегат:

- Еуразиялық экономикалық одақ аясында академиялық алмасу қорын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсындық. Бұл студенттер, жас ғалымдар мен ұстаздарға өзге елдерге барып, тәжірибе алуға жол ашады.

Қатысушылардың пікірінше, осылай ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде білім беру мен жастардың мәдени жүйелерінің сапасы артады. Жалпы форум алаңында білім беруге үлкен көңіл бөлінді.  

Азамат Жаманқұлов, Қырғызстан Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі: 

- Бүгін кәсіби-техникалық білім алу жөнінде үлкен сауал көтерілді. ТМД-ға мүше барлық елдер, әсіресе жастар мен үкіметтері кәсіби-техникалық лицейлер мен мекемелердің бірыңғай бір жүйесін құруға күш салады деп шештік. Осы мамандықтарға нарық құру үшін кәсіпкерлерді шақырады. 

Форумда жарияланған тағы бір бастама - ТМД елдерінде волонтерлердің бірыңғай жүйесін құру. Бұл азаматтық белсенділіктің жаңа әрі тиімді түрі, сондықтан өзара байланыс аясын ұлғайту керек. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ аясында түрлі салаларда жастардың жобаларын қаржыландыру үшін қор құру көзделіп отыр. ТМД және Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінің алғашқы жастар форумы жұмысын аяқтады. Оған қатысушылар тәжірибе жинап, өзара байланыс орнатты. Енді одақ елдерінде осы бастамаларды жүзеге асыру міндеті тұр.

Авторлары: Вероника Боярова, Жандос Қайролла