Веложорық: Ақкөлден Түркияға дейін

«Атадан ұлағат - ұрпаққа аманат». Осындай атаумен елордада ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына және Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай  шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алаш ардақтысы атындағы номері 48 мектеп-лицейде өткен шараға қала әкімдігі ұйытқы болды. Жиын барысында ұлт ұстазының өмірін насихаттап жүрген тілші әрі әуесқой велошабандоз Ернат Мелсұлына ақ жол тілеу, бата беру және ту табыстау рәсімі өтті.

Айта кеткен жөн, Ернат Мелсұлы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап, келесі айдың басында ақиықтың туған жері Ақкөлден Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға дейін халықаралық велошеруге аттанады.

Ернат Мелсұлы, әуесқой велошабандоз:

– Шетелге шығуға дайын сияқтымын. Ең бірінші ниеттену осы Ахметтің 150 жылдығын насихаттау мақсатында. Енді алдыма мен үлкен 5 мақсат қойып отырмын. Біріншісі Ахметті насихаттауға үлес қосу, екіншісі өзім баратын шетел Әзербайжан, Грузия, Түркиямен дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл. Үшінші мақсат Абайдың толық адам идеясын таныстыру, ағылшын тілінде насихаттау.