Шымкенттіктер көше бойын көгалдандырды

Шымкенттіктер көше бойын көгалдандырды

Асылхан Ағыманов  зейнетке шыққан соң бағбандыққа бет бұрды. Әуелі жол жиегін күл-қоқыстан тазартып, көшетке орын дайындады.

Табиғат жанашырының бар мақсаты қаланың шаң басқан көшелерін жайқалған баққа айналдыру еді. Сөйтіп Сарыағаштағы тұқымбақтан өз қаржысына 100 дана терек көшетін сатып алды.

Асылхан Ағыманов, қала тұрғыны:

- Әбден жұмыс істеп қалғанмын. Содан кейін қой осы көшені көгертейін, септігім тисін деп бас салып кірістім. Көшетті сонау Сарыағаштан Көктерек деген жерден алдырдым. Түнделетін ектім. Жолдың бәрін қаздым. Біреулер ой мына жер тас басып кеткен. Бұл жерге ағаш шықпайды деп айтса да мен алған бетімнен қайтпадым.

Еселі еңбек еш кетпеді. Асылхан Ағыманов екі шақырым көшені көгалдандыру үшін алма, терек, тұт сияқты ағаштың оннан астам түрін екті. Гүлдің де сан алуан тұқымын жайқалтты. Жаяу жүргіншілерге арнап аптап ыстықта көлеңке болатын аялдама жасап қойды. Жергілікті жұрт еңбек адамына дән риза.

Сұлтан Қалмағанбетов, қала тұрғыны:

- Осы сегіз жылдың ішінде қараңыздар қандай терек шыққанын. Енді бұл кісіге өте ризамыз. Көшеде кетіп бара жатсам тереземді ашып амандасып кетемін. Осы кісіден үлгі алып, өзімнің көшемді де көгертіп жатырмын.

Адал еңбегі үшін ешкімнен ақы сұрамаған қария жасыл желекке күнде күтім жасайды. Артық өскіндерді қырқып, аумағын жабайы шөптен тазартады. Жас көшеттерді аптасына екі рет суарады. Арықтағы тіршілік нәрі тартылса үйіндегі ауыз суды пайдаланады. Ол үшін көшенің төрт жеріне су құбырын жүргізіп, шүмек орнатып қойған.

Асылхан Ағыманов, қала тұрғыны:

- Кетіп бара жатып қурап тұрған ағашқа бір шелек су құйып кетсең соның өзі сауап екен. Сол ағаш саған жақсылығын айтады екен. Ол бірақ адамға білінбейді. Өзінен бастау керек. Көшеге егіп, қоғамшыл болып, айналып барып анау қораны шұқылай берген болмайды. Көшеге де қарау керек. Сенің үйіңе келген қонақ көшеңе де қарайды.

Асылхан Ағыманов бір жылдан бері №2 қалалық перинаталдық орталықтың да ауласын абаттандырып, айналасын таза ұстауға үлес қосып жүр. Әрқашан қимыл-қозғалыста болу, буын ауруларын алдын-алуға көмектеседі, - дейді.

Зейнеткерлікке дейін жол құрылысы саласында қарапайым жұмысшы болған қария бейнетсіз береке болмайтынын айтады. Бақытын еңбектен тапқан ол бағбандық қасиеттің қыр-сырын әкесінін үйреніпті.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы