Шымкенттегі зауытта 3,6 млн тоннадан астам мұнай өңделді   

Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары келесі жылға қалдырылды. Осылайша дизель отыны қыркүйек айында 70 мың тоннаға артық өндірілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елдегі мұнай өнімдерінің тапшылығын жойып, жанар-жағармай мәселесін реттеуге көмектеседі. Зауыттың өндірістік әлеуетімен танысқан «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев осылай деді. Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істеп 3,6 миллион тонна мұнай өңдеді. Нәтижесінде 1 миллион 200 тонна бензин мен дәл осындай көлемде дизел отыны өндірілді. Статистика өткен жылмен салыстырғанда 1 миллион тоннаға жуық жанар-жағар май отыны артық өндірілгенін көрсетті.

Ерболат Қожабаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті:

Бұл рекордық объем. Зауыт үшін де, мемлекет үшін де рекорд. Былтырғы жылға қарағанда  миллион тоннаға артып отыр биылғы мұнай өңдеу көлемі.

Алайда өндірілген сұйық отын көлемі көбейгенімен, елде жанармай тапшылығы туындады. Бұл мәселеге «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы мұнай өнімдерін шет мемлекеттерге заңсыз тасымалдаушы пысықайлардың әрекеті себеп,-дейді. Сондықтан мемлекеттік органдарды шекарадағы бақылауды күшейтуге шақырды.

 

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

– Ең алдымен, зауыттар қалыпты жұмыс ырғағын сақтай отырып, өндірістік жоспарды толық орындау қажет. Екіншіден, өндірісті ағымдағы және күрделі  жөндеуден өткізуге байланысты дайындық жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырамын. Және мұнай өнімдерін  уақтылы жөнелту және логистика бойынша серіктестермен іс-қимылды күшейту керек.

Мағзұм Мырзағалиев кезекті жұмыс сапарында Түркістан облысында салынып жатқан К-5 мотор отынын шығаратын өндіріс орнымен танысты. Мұндағы көмір және мұнай химиясы комбинаттарында мұнайдан газ конденсатын бөліп алу, мұнай шламын, сондай-ақ көмір мен торф өңдеу технологиялары игерілетін болады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы