Ақмола облысында бір күнде бес ауылға газ берілді

Ақмола облысында бір күнде 5 ауылға табиғи газ берілді. Көгілдір отынның игілігін алғаш болып Түрген, Анар, Ақбұлақ, Ақтасты және Донецкое ауылдары көрді. Маңызы зор жобаны «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы жүзеге асырды. Қазір өңірде Аршалы ауданын газдандандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бүгін Ақмола облысында тарихи оқиға. Өңірде автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы аяқталып газ берілді. Нысан сағатына 15 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы.  Бұл 17 ауылды көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз етуге жеткілікті. Бүгін «ҚазТранГазАймақ» компаниясының басшылығы мен облыс әкімі станцияны іске қосты. 

Бұл газ мүлдем болмаған өңір үшін үлкен жаңалық. Бірден бес ауылға табиғи газ тартылып жұрт көптен күткен қуанышқа кенеліп жатыр. Алғашқы абоненттердің бірі Василий Семенков. Түргендік тұрғын күннің суығында от жағып, күл шығармайтын болдым деп мәз.

Василий Семенков, Түрген ауылының тұрғыны:

- Өмір бойы көмір түсіріп күні-түні пеш жағатынбыз. Қазір рахат. Бір тетігін бұрасаң болды газ жанып тұр. Бұның игілігін қыста көреміз. Тіркелу, құжат рәсімдеу жылдам әрі оңай.

2022 жылы Аршалы ауданы бойынша 16 елді мекенге газ құбыры тартылды.  Желінің жалпы ұзындығы 345 шақырымнан асады.

Хакім Мақсұт, «Қазтрансгазаймақ» АҚ Бас директоры:

- Қазір 1000-ға жуық үй газға қосылуға мүмкіндік алды. Ал жылыту маусымына дейін тағы 5200-дей абонент газға қосылады деген жоспар бар. Біз техникалық шарттарды алу тәртібін жеңілдеттік.  Құжаттарды 15-20 минутта алуға жағдай жасалған. 

Жалпы Аршалы ауданы бойынша 2023 жылға дейін 574 шақырымнан астам газ желісін пайдалануға беріледі. Жоспар орындалса 8230 үй газға қосылады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады.