Зеренді ауданының мал дәрігерлері ветеринарияға нақты өзгеріс енгізуді сұрайды

Еліміздегі ветеринария саласын реформалау жобасы әлі шикі. Бұл Ақмола облысындағы мал дәрігерлерінің пікірі. Ветеринарлар жаңа құжат жобасы кедергілер мен кемшіліктерді жоюға емес, керісінше жұмысты күрделендіруге бағытталған секілді, деп қынжылады. Айта кетейік, жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамытудың жаңа жобасын таныстырған болатын.

Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылдық округінің аға мал дәрігері Асқарбек Ибраев бір емес, 4 бірдей елді мекеннің 10 мың бас малына жауапты. Тәжірибелі маман соңғы жылдары еңбекақымыздың көбейіп, бізге жиі көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Алайда қызметімізді жүйелейтін нақты өзгерістер керек дейді. 

Асқарбек Ибраев, мал дәрігері:

- Сондай айтарлықтай ешқандай қатты өзгерістер боп, түбегейлі реформа жасап, өзгертіп тастаған ештеңесі жоқ. Баяғы жартас, сол жартас. Бұрынғы сол қалпы. Мал дәрігерлеріне оңай емес, малмен алысып. Мал болғаннан кейін ол ауырады. Шақыртулар болады. Өзі бізде көктем, күз аса жұқпалы ауруларға, аусылдан басқа сібір жарасы, туберкуленизация, қарасан ауруына қарсы екпе жұмыстарын жүргіземіз. 

Жалақы көтерілгенімен,жағдайымыздың жақсарғаны шамалы деген дәрігер, тағы бір проблеманы ашық айтты. Мәселен, ветеринарлар, қазір қауіпті жұмыстар үшін қосымша бөлінген қаржыдан шприц, спирт, мақта секілді дүниелерді өздері сатып алуға мәжбүр.  

Асқарбек Ибраев, мал дәрігері:

- Техника сынады. Сол бөлінген қаржыдан техника да жөнделеді. Дөңгелектері, мысалы. 2013 жылы берілген техникалар. Содан бері жаңартылу көрмеген. Жылда сынады. Және де мына цифровизация деп жатыр. Біздің компьютерлер ескі. Жаңартылу көрмеген. Интернеттің өзі жаңа программаларды кіргізген күннің өзінде оны тартуы қиын. 

Министрліктегілер алдымен осындай үлкен мәселелерді шешіп берсе, дейді ауылдағы қарапайым мал дәрігерлері. Олардың сөзін облыстық ветеринария басқармасының басшылығы да қолдайды. Айтуынша, ең бірінші жұмысты жүйелеу керек. 

Талғат Жүнісов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Реформа деген аты күшті. Бірақ енді қараңызшы, бізде мен мемлекеттік бас дәрігермін Ақмола облысының. Бұл Ақмола облысында менен бөлек мемлекеттік ветеринарлық инспектор бар, одан қалды ветеринарлық лаборотория бар. Сонда бір облыста 3 жүйе. Бәріміздің өзіміздің жоғарыда бастығымыз бар. Мен мысалы, акиматқа бағынам, инспекция министрліктегі комитетке бағынады, лаборотория комитетке бағынғанмен, өзінің генеральный директорына бағынады деген сияқты. 

Салалық министрлік ұсынып отырған реформа бойынша мал дәрігерлеріне арнап мобильді қосымша жасалмақ. Бірақ, ғаламтор желісі жоқ ауылдарда ол да үлкен проблема тудырады. Одан қалды жобада әр маман, қанша бас малға қарауы тиіс екені де нақты айтылмаған. Ал бұл жұмыс жүктемесі үшін өте маңызды, дейді ветеринарлар. Сондықтан қолға алынған бастамаларды қайта қарау қажет.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный