Өңірлер Қостанай облысына гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр

Қостанайлықтарға жұрт жаппай гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. Азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетісінен басқа бір күндік жалақысын аударғандар да аз емес.

Қарапайым тұрғындар, қоғам белсенділері, жастар, кәсіпкерлер көмек қолын созды. Ел қостанайлықтардың басына түскен ауыртпалықты бірге көтереміз дейді  Әр өңірде жасақталған волонтерлік топтар да өңірге аттанып жатыр.

Түркістан облысы  Қостанайға  65 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Оның 50 тоннадан астамы  Арыс пен Мақтаарал ауданының тұрғындарынан  жиналды.  Тілсіз жаудан зардап шеккен теріскей жұртына көмектесу үшін волонтерлық жасақ жолға шығады. Түркістандықтар көмек мұнымен шектелмейтінін айтып отыр.

Бақыт Ақымбетов, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 1 күндік жалақысы, яғни 70 млн теңгеден астам қаржысын көмек ретінде жинақтады. Одан бөлек кеше 1 ауыр жүк көлігі гуманитарлық көмек Қостанайға жөнелтілді. Бүгін тағы да 5 ауыр жүк көлігі жинақталды. Оның ішінде салмағы 65 тоннадан асатын матрац, төсек-көрпелер,  азық-түліктер және гигиеналық заттар. Бұл өз жалғасын табады.

Шымкенттіктер де жылу жинап жатыр. Жәрдемдесемін деген жұртқа  белсенді жастар мен «Аманат» партиясының «Жастар рухы» қанаты бағыт-бағдар беріп, игі іске жұмыла кірісуге шақыруда. Жүзден астам еріктіден құралған волантертік топ жасақталды. Қазір қабылдау пунктерінде  азық-түлік өнімдері мен жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек – орын жабдықтары бар. Айта кету керек, азаматтар арнайы ашылған шотқа да ақша аударып жатыр. Қайырымдылық керуенінің алғашқы легі жолға шықты. .

Мағжан Исахов, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Бұл біздің ауызбіршілігімізді көрсетеді. Ұйымшылдығымызды көрсетеді. Бұл асар біздің осыған дейінгі ата-бабамыздан келе жатқан үлкен дәстүр, үрдіс. Қазіргі таңда біз осыны жалғастырудамыз. Аталған гуманитарлық көмекті жеткізіп беріп, тағы да еріктілердің жұмыстарымен өрттен кейінгі қалдықтарын тазалауға атсалысу жоспарлануда. 

Ұлытау облысы

Ұлытау облысының жұрты да шет қалған жоқ.  Қаланың бірнеше жерінде қабылдау орындары ашылды.  Қайырымды жандар шама-шарқынша азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек тапсыруда. Бас-аяғы 5 сағаттың ішінде 5 тонна жиналған. Әлі де әкеліп жатқандар бар.

Ақансері Сүлейменов, жастар ресурстық орталығының маманы:

- Жамандық айтып келмейді дейді. Қостанай облысында болған алапат өртке, табиғи ахуалға байланысты Жезқазған, Ұлытау өңірінің жастары барынша іске атсалысып жатыр. Әртүрлі нүктелерде бізде қабылдау бөлімдері ашылды. Соған біздің балалар, еріктілер де, қаланың жастары, белсенділері атсалысуда.

Маңғыстау облысы

Ал Маңғыстауда 500 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Қабылдау пункттері 5 аудан, 2 қалада  ашылыпты. Азық-түлік, тұрмыстық заттар мен киім-кешек мол жиналды.  Кейбір мекеме ұжымдары бір күндік жалақысын аударған. Ірі кәсіпорындар да қаржылай көмек көрсетуде.  Маңғыстау облысында ақпараттық жұмыстар жүргізетін  арнайы штаб құрылған.

Абзал Марат, ерікті:

- Әлеуметтік желісі бар, басқа да бұқаралық ақпарат көздеріне байланыс телефондарын шығардық. Жұмыс уақытына қарамай, үлес қосам деген азаматтармен тілдесудеміз. Қабылдау пункттері нақты жұмыс уақытынан бөлек, кешкі 8-ге дейін жасауда. Біршама ауыл, біршама үй зардап шекті деген хабарда ол үйдің қарты да бар, баласы да бар, бесіктегі баласы да бар, әр түрлі санаттағы адамдардың киімін қабылдап жатырмыз, бастысы таза болса болды.

 Ақтөбе облысында қаржылай қолдау көрсетушілерге  арнайы есеп-шоттар ашылды. Тек «Аманат» партиясының қала мен аудандарда құрылған 13 көмек беру пунктіне қарапайым тұрғындардан өзге, кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп жатыр. Бірқатар аудандардан көмек түрі жеткізілді. Оның арасында, Қобда, Шалқар және Ойыл секілді шалғай жатқан өлкелерден де мол көлемде күріш, қарақұмық, күнбағыс майы және киімдер әкелінген. Енді таяу күндері Қостанай өңіріне жіберіледі.

Ербол Шыма, "Amanat" партиясы Қобда аудандық филиалының атқарушы хатшысы:

- Қазіргі таңда біздің аудан тарапынан әлі де қаржы жиналып жатыр. Дегенмен де, бүгін міне арнайы счет ашылып, арнайы қоғамдық қор ашылды. Сол жаққа аудандағы басқа да жаны ашитын, еліміздегі  осындай қиын жағдайға түскен жандарды қолдау үшін   өздерінің бір күндік табыстарын аудару жөнінде жұмыстар жүргізіп жатыр.

Қайырымдылық шарасына  Ертіс өңірінің тұрғындары да бір кісідей атсалысып жатыр. "AMANAT" партиясының Павлодар облыстық филиалында гуманитарлық көмек қабылдайтын пункт ашылған. Бір тәулікке жетпей 20 тоннаға жуық жүк  жиналды.  

Санира Жүсіпова, "Amanat" партиясы облыстық филиалы "Жастар Рухы" жастар қанатының төрайымы:

– Бізге көптеген керек-жарақтар әкеліп жатыр. Ол тағамдар, электрошәйнектер, киім-кешектер, жататын орындар. Бәрі қосылып жатыр. бір фураны жіберетін боламыз. Осындай жағдайда жастардың патриоттық сезімі бар деп білемін. Өйткені, бәрі бірауыздан қолдап, ерікті ретінде баруға өз лебіздерін білдіріп жатыр.

Павлодардың белсенді азаматтары көмек мұнымен шектелмейді деп отыр. Жақын күндері Қостанай облысына құрылыс материалдары, электр пештері, жылытқыштар мен тұрмыстық техника, төсек-орын жабдықтары азық-түлік, көкөніс өнімдері тиелген жүк көліктері жолға шығады.

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат, Самат Оспанов