Қостанайлықтарға көмек: Алматыдан алты көлігі жүк кетті

Тілсіз жау кесірінен қиындыққа тап болған қостанайлықтарға әлі де жан-жақтан көмек келіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының мәслихт депутаттары мен кәсіпкерлері де қайырымдылық шарасынан қалыс қалмады. Тіпті шалғайдағы ауыл адамдары мен спортшылары да қолында барын әкеп беруде. Ішінде құрылысқа қажетті цемент, балалардың мектебіне арналған кеңсе заттары бар. Облыс тұрғындары қостанайлықтарға деп дәмі тіл үйіретін Алатаудың алмасын да салып жіберіпті. Бұдан өзге жатын орындары мен жуынуға арналған бұйымдар да бар. Жүк көліктері бүгін жолға шықты. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылардың мәліметінше, алты көлікке 80 тоннадан асатын жүк тиелген.

Ерболат Сапарұлы, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы:

Ал енді мына кетіп бара жатқан үлкен керуенге сәттілік дейміз. Аман-есен жетсін діттеген жеріне. Қостанайдағы бауырларымызға, зардап шеккен елге сәлем айтсын. Осылай Алматы облысы әрдайым қостанайлықтардың қасында, жанында деп айтуға болады.

Қостанайға елордадан да кезекті гуманитарлық жүк жөнелтілді. Қажетті гигиеналық заттар, ұн, қант, сусын аймаққа жеткізіледі. Ауызбіршіліктің арқасында 8 жүк көлігі лық толатын азық-түлік пен керек-жарақты жұрт бір-ақ күнде жинаған. Мәслихат депутаттары, волонтерлер, белсенді жастар мен кәсіпкерлер де сырт қалған жоқ. Өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде штаб әлі жұмыс істеп жатыр.