Көкшетауда мемлекеттік тілдің мәртебесін асырғандар марапатталды

Ақмола облысында биыл бірнеше білім ордасы мен 20 шақты көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Көкшетаудағы Жоғары техникалық колледж енді Ұлт ұстазының атымен аталады. Бұл туралы Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мерекелік жиында айтылды. Салтанатты кеште сондай-ақ, қазақ тілінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандар марапатталды.

Біржан Қайыров – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол біраз уақыттан бері көшедегі жарнамалар мен ғимараттардың маңдайшасындағы жазулардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуын қадағалап келеді. Әрі осы үшін ол ешкімнен ақы талап етпейді. Қазақ тілінің қанат жаюына қосқан үлесі үшін жас маман бүгін арнайы сый-құрметке бөленді.

Біржан Қайыров, мұғалім:

– Қате жарнамаларды түсіріп аламын да әлеуметтік желілерге жүктеп, уәкілетті органдарды белгілеумен, одан бөлек осы қате жарнамалары бар сауда нүктелерінің басшыларымен сөйлесіп, осындай түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында жарнамаларын ауыстырып немесе түзетіп жатады.

Мұндай марапатқа жалпы тіл саясатына атсалысып жүрген басқа да ақмолалықтар ие болды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, қазір аймақта қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту және өзге ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетін сақтап қалу бағытында тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. 

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

Біздің өңірде де тұрғындардың қазақ тілін үйренуі үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2003 жылдан бастап облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. Облыстың барлық аудандарында осындай орталықтар бар. «Көкше» телеарнасы хабарларының 70 пайызы қазақ тілінде таратылады.

Сондай-ақ аймақта 60-қа жуық ақпарат құралы мемлекеттік тілде жаңалық таратады. Ал қазақ тілін оқытатын 120 орталық бар.

Наталья Гаркуша, мұғалім:

– Мен мемлекеттік тілді мектеп қабырғасынан бері үйреніп келем. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімнің артуына ұстазым сеп болды. Үйде де жақындарыммен қазақша сөйлесуге тырысамын. Ал биыл Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған байқауға қатыстым.

Жиын соңында көпшілік Ахмет Байтұрсынұлының өмірінен сыр шертетін «Ұлт ұстазы» атты театрландырылған қойылымды тамашалады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный