Таразда жаңа үйді қайта жөндеу қажет

Таразда жаңа үйді қайта жөндеу қажет

Тараз тұрғындары 1 айдан бері жаңадан алған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. Себебі ипотекаға берілген көпқабатты үйдің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт баспана коммуналдық қызметке қосылмаған әрі кем-кетік жұмыстары да көп дейді. Ал әкімдік бар кінәні мердігер компанияның мойнына артып отыр. Сырты көркем көрінген 80 пәтерлі бұл үйде шикілік көп дейді тұрғындар. Жұрт пәтер құнының 20 пайызын жинап, мемлекеттік бағдарлама бойынша алған. Бірақ үйлерінде әлі күнге дейін жарық жоқ. Одан бөлек, қабырғалары да жарыла бастаған. Енді тұрғындар жаңа баспанаға қайта жөндеу жасаймыз ба деп алаңдаулы.

Асылзат Қабылбекова, қала тұрғыны:

Не газы, не светі жоқ. Не суы. Судың өзін қырылып жүріп әрең қостырдық. 3 бөлмелі үйдің ішін көрсеңіздер, сұмдық. Линолеумдары масқара, мынандай жетпей қалған. Плинтустарының бәрі құлап қалған. Анау есіктері мүлдем.

Мөлдір Донасова, қала тұрғыны:

Мына үйді соққан адам 18 ғасырда қалып қойған сияқты. Анау 90 жылдардағы үйлердің жағдайы мұндай емес қой. Трубалардың бәрі сыртында шашылып жатыр. Газовый трубаны мынандай бір арматурамен іліп-іліп үйдің ішіне әкеп іліп қойған.

Бесқабатты тұрғын үйді қабылдап алған жауаптылар мердігердің жіберген қателіктерін мойындап отыр. Оны ұзаққа созбай қалпына келтіруге уәде етті.

Шыңғыс Әлиасқар, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Коммуналдық қызметтер бойынша су берілді. Светте сәрсенбі күні қосу жоспарлануда. Мұнда ТГС мекемесімен аварийный службасы келіп,тексеріп қосуы керек.

Әкімдік өкілі айтылған шағым екі аптаның ішінде толықтай шешіледі деп сендірді. Әрі мердігердің 5 жыл кепілдігі бар екенін айтты.

Айта кетерлік ақпар, 15 шағын ауданда ойын алаңдары мен жол жоқ, қоғамдық автобус мәселесі де шешімін таппаған.

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә