Көктөбеде өрт қаупі сақталады

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті өрт зертханасының және арнайы тергеу тобының қызметкерлері Көктөбедегі тілсіз жаудың шығу себептерін анықтауға кірісті.

Көктөбедегі өрт қасақана жасалды ма? Әлде табиғи жағдай ма? Бұл сұрақтың жауабы зерттеу аяқталған соң белгілі болады. Бұл маңдағы өрт кеше кешкі жетіге таман басталған. Алдын ала болжам бойынша құрғақ шөп, қурай мен бұталар жанып, 3 гектарға жуық жерді өрт шарпыды. Тілсіз жаумен күреске жүзден астам өрт сөндіруші жұмылдырылып, тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысты. Қабылданған жедел шаралардың арқасында қызыл жалын кешкі сағат 20:35-те толық сөндірілді. Тұрғындар зардап шеккен жоқ. Таудағы жеке тұрғын үйлер, қоғамдық тамақтану орындары мен өзге де нысандар тілсіз жаудан аман. Сондай-ақ кеше Бостандық ауданында ағаштар арасында әдейі от жаққан ер азаматтың тұлғасы анықталып жатыр. 

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Қазір полиция қызметкерлері оны тексеріп жатыр. Қаладағы бейнебақылау жүйелерінің деректері де тексерілетін болады. Ол әрекеттерді жасаған адам міндетті түрде жауапқа тартылады.