25 қазан – Республика күні болады

16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні ретінде атап өте береміз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, бірінші желтоқсан, яғни Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынады. Депутаттар «мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. 

Республика күнін қайтаруды Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ұсынған. Енді оған «ұлттық мереке» деген мәртебе беріледі. Сөйтіп, осы күні думанды шаралар өтеді. Ал, Тәуелсіздіктің 16-сы боздақтарды еске алуға арналады.

Бірінші желтоқсан «мемлекеттік мереке» деген мәртебеден айырылса да, жалпы мерекелік күн ретінде қалады.

ПРЕЗИДЕНТТІК МЕРЗІМ НЕГЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Мәжіліс қабырғасында Президент сайлауы да қызу талқыланды. Журналистердің алдына шыққан палата төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысын 7 жылға сайлауға қатысты пікір білдірді. «Менің ойымша аталған нормаларды келешек президенттерге кері қайтару қиын болады» - деді. Яғни бұл болашақ үшін жасалған қадам.

Ал, Ерлан Қошановтың өзі сайлауға түсе ме? Себебі Аманат партиясының төрағасы өзі. Спикер бұған да бүгін кесімді жауабын берді.

ЕЛОРДА АТАУЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Спикер елорданың атауын өзгерту хақында да айтты. Қазір халық арасында алуан түрлі пікір барын тілге тиек еткен Ерлан Қошанов «халық үніне құлақ асатын мемлекет ретінде депутаттар тарапынан осындай ұсыныс көтерілгенін атап өтті. Соңында әліптің артын бағайық деді. Хош.

КИНО САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Жалпы мәжілістің бүгінгі жиыны қызу өтті. Отырыста оннан аса құжат қаралды. Соның бірі  - кино саласын дамыту. Енді ұлттық кинокомиссия құрылмақ. Бұл іске шетелдік инвесторларды тартылады. Халықаралық кинонарықтарда, кинобизнес-алаңдарда елдің киноиндустриясын кеңінен насихаттау да көзделіп отыр.  Ұлттық фильмдерді шығаруға арналған қаражатты бөлудің жаңа тәсілі енгізіледі. Атап айтқанда қаржының 70 проценті тарихи, патриоттық және имидждік фильмдерге, ал, 30 проценті – жеке киножобаларды, оның ішінде дебюттік фильмдерге бағытталмақ.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы