Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек заңсыз берілген

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек заңсыз берілген

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек заңсыз тағайындалған. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы мәлімдеді.

Әсия Темірбаеваның айтуынша, мемлекет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу заңдылығына мониторинг жүргізілген. 22 мыңнан астам көмек алушының құжаты толық тексеріліп, нәтижесінде жергілікті учаскелік комиссия жіберген қателік салдарынан 331 отбасының 38,5 млн теңге атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғаны анықталды. Жауаптылардың айтуынша, олардың арасында өз табысын жасырғандар, жұмыспен қамту шараларына бармағандар және өзара сыбайластыққа жол бергендер де бар. Қазіргі таңда талан-таражға түскен қаражаттың 27 млн теңгесі бюджетке қайтарылды. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті дамыту бойынша берілетін қайтарымсыз грантты бөлу кезінде де заңбұзушылықтарға жол берілген.

Әсия Темірбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Бұл жерде де заңсыз алынып, санатқа сәйкес келмейді немесе алған қаражаттың өзін басқа мақсатқа пайдаланып кеткен азаматтарды анықтап, зерделеп, осы жұмыстың нәтижесінде 18 млн теңге мемлекеттік грантты алғаны анықталды. Бүгінгі күні бюджетке кері қайтару жұмыстары жүргізіледі. Ол кері қайтқан соң келесі кезектегі адамдарға үлестіріледі.