Орталық Азияда тіршілік нәрін тұтыну көлемі көбейген

Осы күні Сырдария бассейнінің болашағына қатысты ешбір болжам көңіл көншітпейді. Ғалымдар тау мұздықтарының жылдан жылға азайып бара жатқанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық Азияда тіршілік нәрін тұтыну көлемі де көбейген. Ол тек ауызсу ретінде немесе егінге ғана пайдаланылып жатқан жоқ. Ірі гидроэлектр станциялары қажетті энергия көзін осы өзеннен алып жатыр.

Қазақстандағы Шардара қоймасына қазір 1 миллиард 269 миллион текше метр су жинақталды. Бұл былтырғымен салыстырғанда едәуір жоғары. Елдің гидролог мамандары осылай дейді. Тәжікстан және Өзбекстан жақтан келетін су мөлшері әлі бақылауда. Себебі вегетациялық кезең аяқталған жоқ. Егінге ғана емес, Аралға тіршілік нәрі қажетті көлемде жетуге тиіс.

Мереке Иманғалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі:

- Сырдария өзенінің ағын қалыптасуы табиғи факторлармен тікелей байланысты. Яғни бассейн өзендерінен алынатын судың өзгеруі мен қайтарымды сулармен мен және өзеннің үстіңгі ағымында орналасқан.

Тоқтағұл су қоймасының жұмыс режимімен айқындалады. Қазіргі уақытта Тоқтағұл қоймасында шамамен 13 млрд 350 млн текше метр су жиналған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1 млрд 259 млнға көп.

Бірақ бұл табиғи құбылысқа тоқмейілсуге болмайды. Сырдарияның жайына биыл жауын-шашын оң әсер етсе, келер жылғы жағдай белгісіз.

Өзбекстандық гидрологтар тіршілік нәрін автоматты жүйемен тексеруге әлдеқашан кіріскен. Тәжікстанмен шектесетін Ферғана аймағында осындай құралдар бар. Сол арқылы мемлекетаралық келісімдер орындалады. Суға талас қызған шақта мүддесін қорғап қалады.

Денис Сорокин, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы бөлімінің басшысы:

- Сырдария бассейніне келсек, вегетациялық кезеңде Шардара учаскесіне дейінгі елдерге 12 млрд текше метр су бөлінген. Ал Шардараның өзіне 4 миллиарды бағытталуға тиіс. Оған дейін жіберілген көрсеткішпен қоса есептесек, гидрологиялық жыл бойынша деңгейі 12 текше шақырымға жетеді. Бұл орташа қалыпты көрсеткіш.

Сырдарияның сағасы біздің елде тек тікұшақпен бақыланады. Өзбекстан тарапы мұндай әдіске сирек жүгінеді. Оның үстіне жергілікті диқандар алқапты тамшылатып суаруға бейімделіп жатыр. Сырдарияның жайы оларды да қинайды. Табаны құрғаған Шыршық пен Әмударияның күйін кешпесе екен деп тілейді.

Өзбекстандық мамандар мәселенің шешімін солтүстіктегі Сібір суынан іздеуді ұсынады. Ресейде тіршілік нәрі мол. Кейде тіпті арнасынан тасып жатады. Оны оңтүстік бағытқа қарай бұрып, Арал теңізін толтыруға болады. Бірақ бұл шешімнің геосаяси астары да бар. Сібір суына иелік ететін тараптың келісу-келіспеуі де белгісіз

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов