Өскеменде көпқабатты үй тұрғындары жылусыз қаламыз деп алаңдайды

Өскеменде көпқабатты үй тұрғындары жылусыз қаламыз деп алаңдайды

Өйткені аула мен коммуникациялық жүйені үйдің балансына тіркей алмаған.  Баспананың  жылу жүйесі де,  электр желісі де пәтер иелігі кооперативіне өтпеген. Енді үй тиісті қызметтен құр қалды,ол аздай, жаңадан салынса да кем-кетігі көп. Коммуникациялық жүйелер үйді салған мердігердің балансынан алынбаған. Ал ол мекеме үй ішілік коммуникацияны құрылысқа тапсырыс беруші компаниямен бөлісе алмаған. Ақыры екі тарап соттасып жатыр. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыра ма деп алаңдайды тұрғындар. Өйткені сот коммуникацияны пайдалануды шектеген. Ал қыс қыр астында тұр.

Зәуреш Оқасова, қала тұрғыны:

- Кәріз жүйесінен ақау шыға қалса, жөндеу қызметін де шақыру қиын.Үйдің балансында түк жоқ.Құр басы ғана тұр.

Қайрат Танекенов, Өскемен қаласы Құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бүкіл жертөлеге, жер теліміне бәріне арест салынды. Біз өз тарапымыздан осылардың  бәрінен болмаса да кейбірінен арест шешуді сұрап, құзырлы органдарға хат жолдадық.