Алматыда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың еңбегін дәріптейтін алып мурал пайда болды

Шаляпин мен Саин көшелерінің қиылысындағы бес қабатты үйдің қасбетіне салынған өнер туындысы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, қоғамда тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға шақырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мурал алыстан көз тартады. Онда өртпен күресіп жатқан ат үстіндегі қазақ батыры бейнеленген. Бұл – тілсіз жаумен күресе жүріп, өз өмірін қатерге тігетін өрт сөндірушінің батылдығының көрінісі. Соңғы уақытта өрт жиілеп кеткендіктен, Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тақырыптық қабырға суретін жасауға бел буған.

Абай Асылбаев, Әуезов ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Муралдың ең басты құру идеясы – халықтың назарын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға аудару. Қоғамда тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, өрт сөндіруші құтқарушы мамандығының имиджін арттыру болып табылады. 

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, Алматыда өрт қаупі әлі де сақталуда. Шұғыл желіге өрт туралы күніне 20 қоңырау түседі. Дабыл түсісімен өрт сөндірішулер 40-50 секунд ішінде жауынгерлік киімдерін киіп, көлікке отырып, диспетчерден өрттің мекен-жайын алып, апат орнына дейін жетуі тиіс. Себебі адам өмірін апаттан арашалап қалуда әр минут маңызды.

Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері:

- Көбінесе, өрт анықталған кезде тұрғындар ұялы телефонға түсіріп уақыт өткізіп алады. Үрейленеді және нақты орналасқан жерді дер кезінде хабарламайды. Осыған орай, азаматтарымызды ашық жерге от жақпауға, темекі тұқылын тастамауға, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз.

Осы жылдың 8 айында алматылық құтқарушылар 1800-ден астам дабыл қоңырауын қабылдап, төтенше жағдайлардан 327 адам эвакуацияланды. Өрт кезінде және қаладағы су тоғандарында 144 адамның өмірін сақтап қалды, олардың 17-сі балалар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев