Атырауда дренаждық жүйе іске қосыла ма

Тереңдігі 3 метр, ұзындығы 15 шақырымға жуық «Ерік» каналы Жайық өзенінен бастау алып, Каспий теңізіне құюы тиіс еді. Осылайша, оған жиналған жер астының ащы суы ағып теңізге қосылады деп жобаланған.  Канал 2003-2005 жылдары 1,5 млрд теңгеге қазылып, тағы 170 млн теңгеге жүзбелі сорғылар мен су деңгейін реттеп отыратын шлюз қойылды.  Бірақ жоба күткен көңілден шықпады. Керісінше, жиналған су шіріп, маса-сонаның ұясына айналды. Бұл жергілікті тұрғындар мен табиғат жанашырларының орынды ренішін туғызып отыр.

Арман Хайруллин, «Атамекен-эко» қоғамдық қорының төрағасы:

- Атырау қаласында кілкіп тұрған жерасты суының деңгейін түсіруде ең ұтымды шешім. Ол каналды тереңдетіп қазып, жерасты суларының деңгейін сол каналды сорғызу арқылы түсіруге болады. Ол өте ащы минералдылығы жоғары су. Оны ағыс жасап, тұшытып қаланы көгалдандыруға пайдалансақ бұл өте рационалды шешім болар еді.

Жаз маусымында «облыстық Су арнасы» мекемесі  қалаға тәулігіне 100 мың текше метр су берсе, оның 40 проценті ғана  булану алаңындарына жетеді.  Қалған 60 мың текше метр су текке жоғалады екен.  Яғни, жоба толық аяқталмағандықтан жер асты суларының деңгейін көтеріп жатыр,-дейді мамандар .

Едіге Сабыров, ғалым-гидрогеолог:

- Дренаж дегеніміз басқаша айтқанда, қала аумағындағы жерасты суларын аластатпасақ, оның экономикалық-экологиялық зардаптары орасан. Әсіресе, жасыл желекке келгенде, құрылысқа да зияны бар.  Мына жолдардың да қайта-қайта бұзыла беретіні сол жер асты суының әсері.

Едіге Сабуровтың ойынша каналды құрылыс нормалары мүмкіндік бергенше тереңдетіп қазу керек.  Сонда жер асты сулары сол ойысқа құйылып оны одан әрі айдауға не сорып алу ыңғайлы болады.  Қазір каналдағы қалдық судың құрамы тұзды минералдарға толы.  Мамандар  құрамын зерттеп, ондағы  параметрлер  нормадан 100  есеге артық екенін анықтапты. Осыған орай жергілікті биліктің әзірге пайдасынан зияны басым жобаны көміп тастаудан басқа амалдары қалмаған. 

Темірлан Әубекеров, қалалық ТҮКШ сектор меңгерушісі:

- Ерік каналының бүгінгі таңдағы санитарлық тазалық мәселесі бойынша арнаулы автобаза мекемесі толық жұмыстарын жасауда. Онан кейін арыз-шағымдардың көптеп түсуі дейміз, ол жаз кезіндегі маса улау мәселелері ол қала көшлереін улайтын арнайы мекеменің тарапынан осы Ерік каналының бойын да толық масаға қарсы дезинсекция жүргізіп келеміз. 

Таяуда «Ерік» каналының келешегі туралы қоғамдық тыңдау өтуі тиіс. Оған жергілікті тұрғындар, экологтар және депутаттар шақырылмақ. Сөйтіп, 20 жыл жыры бітпеген қымбат жобаның тағдыры тағы да талқыға түсетін болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов