Қарқаралы ауданына қарасты Қаракөл ауылының тұрғындары асарлатып үй салып жатыр

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қаракөл ауылының тұрғындары асарлатып 6 пәтерлі үй салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы мақсаттары – көшіп келуге ниетті жас мамандарды баспанамен қамту. Егер мұғалімдер келіп, балалар көбейіп жатса, осыдан бірнеше жыл бұрын жабылып қалған мектеп қайта ашыла ма деген үміттері де жоқ емес.  

Меруерт Амантаева ауылда мектеп болмаған соң, екі баласын бірдей қалаға оқуға жіберген. Қазір бар тапқан-таянғанын солардың қажетіне жұмсап отыр. «Ал 5 немесе одан да көп баласы бар ата-аналар үшін тіптен қиын», – дейді.

Меруерт Амантаева, Қаракөл ауылының тұрғыны:

- Өздеріңіз білесіздер, қазір қаражат тапшы. Осы ауылда балаларымыз оқысын деп малмен ғана отырмыз. Егер де ауылда мектеп болып, балаларымыз ауылдан оқитындай болса, ондай болмас еді. Қазір қаламен екі ортаға біраз ақша кетеді. Баланың киімі, оқулығы, тамағы, интернаты бар, соның бәріне төлейміз. Сондықтан ауылымызда мектеп ашылса екен деп тілейміз. 

Ерғанат Мұхтаров, Қаракөл ауылының тұрғыны:

- Мектеп болмағандықтан қалаға көшіп жатыр. Ауылдан биылдың өзінде 5 баласы бар бір отбасы кетті. Қазір енді 1-2 жанұя қалды. Олардың өзін Егіндібұлаққа таксимен күнде апарады. Өзіміздің азаматтар бар, екі баласын таңертең апарып, кешке жақын алып келеді. Күнде сөйтіп жүр. 

Ауылдағы жалғыз мектеп осыдан 5 жыл бұрын жабылып қалған. Бірақ ғимараты сол күйі сақталып тұр. Коммуналдық меншікке өткен. Тұрғындардың ендігі тілегі – сол мектепті қайта ашу. Соңғы жылдары ауылда халық саны көбейіп келеді екен. Қазіргі күні 170 адам тұрады. 

Нұржан Смағұлов, Қаракөл ауылының әкімі:

- Ашу үшін кем дегенде бір сыныпта 5-тен жоғары бала болу керек. Бізге екі мұғалім жеткілікті. Сонда ғана бастауыш мектепті ашамыз. Аудандық білім бөлімінің басшысымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Нақты жұмыс істеп жүрген «сарапшы» деген категориясы бар маман іздестіру үстіндеміз. Енді «таптым» деп өтірік айтпаймын. Жан-жақтан, көрші ауылдардағы мұғалімдерге де шығып жатырмыз, қаладағы мұғалімдерге де ұсыныстар беріп жатырмыз. 

Әрине, ауылға мұғалімдер мен көпбалалы отбасыларын шақыру үшін ең әуелі жайлы баспана қажет. Ауыл тұрғындары ол мәселені асарлатып шешіп жатыр. 6 пәтерлі үйдің құрылысын бастаған. Келесі жылға дейін аяқтаймыз деп отыр.

Алмаз Қанафин, Қаракөл ауылының тұрғыны:

- Барлық тұрғын атсалысып жатыр. Осы жаққа келеді, ойнап жүріп істейміз. Ағайындар бәрі араласып, ағаларымыз бар, інілеріміз бар, бәрі атсалысып жатыр. Президент пен әкімге қарап қалмау керек, егер ел боламыз десек, ел болып көмектесу керекпіз.  

Айрандай ұйыған ауыл тұрғындары бұған дейін өз күштерімен мешіт те салған. Егер көшіп келуге ниет білдірген жас мамандар болса, отын-суына көмектесіп, азын-аулақ мал беруден де тартынып отырған жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар