Елде коммуналдық қызметтер тарифы өседі

Елде су, жылу және электр ақысы қымбаттауы мүмкін. Ол энергетика саласындағы реформаға байланысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісі, жылу коммуникациясының 57 пайызы, ал су құбырының жартысына жуығы тозған. Монополистер өз табысының басым бөлігін желілерді жөндеуге және жаңғыртуға жұмсауға тиіс. Бұл жөнінде «Аманат» партиясында өткен жиында айтылды. Тариф құнына қатысты шешім әр өңірде бөлек-бөлек қабылданады. Осыған байланысты Энергетика министрлігі тозған желілер мен қуат өндіруші нысандардың көрсеткішін 15 процентке төмендету үшін 2035 жылға қарай жыл сайынғы инвестицияны үш есеге ұлғайтуды ұсынады.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР энергетика вице-министрі:

– Қазіргі уақытта салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит 32 млрд теңге деңгейінде белгіленген, оны 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету үшін электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін ағымдағы 590 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін арттыру қажет. Бұл жылына қосымша 60 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.