Түркістан облысында әскерге шақыру науқаны басталды

Түркістан облысы көктемгі әскерге шақыру науқанында жүктелген міндетті артығымен орындады. Бұл жайында арнайы ұйымдастырылған жиында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпараттық-түсіндіру бағытындағы басқосуға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, аймақтық шақыру комиссиясының төрағасы, әскери прокурор және басқармалар мен бөлімдердің басшылық құрамы қатысты. Сондай-ақ 14 ауданның шақыру комиссиясының төрағалары онлайн байланысқа шықты. Басқосуда көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы, күзгі науқан кезіндегі жұмыстар пысықталды. Күзгі науқанға өңірден 2200 сарбаз әскерге шақырылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ жиында жастарға патриоттық тәрбие беріп, отаншылдыққа баулу жөніндегі мемлекет басшысының жолдауда айтқан тапсырмалары талқыланды.

Жандос Күлдербаев, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

- Әскерге шақырылатын азаматтар 17 мыңнан аса болатын болса, соның 4 мыңнан астам азаматын біздің Түркістан облысы қамтамасыз етеді. Яғни еліміз бойынша әрбір төртінші бала біздің өңірден кетіп отырады.