Ұлытау облысында «Ұлы дала жорығы» марафоны қорытындыланды

«Ұлы дала жорығы» марафонының 5-ші күні Ұлытау төріндегі Жошы хан кешенінде қортындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көш басында – әйгілі адай жылқысын тақымдаған Маңғыстау шабандоздары. 1200 шақырымдық аламан аттарға да, шабандоздарға да оңай соқпағаны анық. Кезең сайын тұлпарлары болдырып, жарыстан шығып қалып жатқан командалардың да саны артып келеді.

Бәйгенің алғашқы күнінен-ақ алдына ат оздырмаған Маңғыстаулық команданың ізін ала Ақтөбелік шабандоздар жетті. Үздік үштікті Шымкент командасы қортындылады. Күн бұрын 4-ші сатыдан көрінген Ұлытаулықтар өкінішке орай жарысты ерте аяқтады. Астанадан аттанған 19 команданың небәры 10-ы ғана 500 шақырымдық қашықтықты бағындырды.

Надежда Купцова, бас төреші:

- Шабандоздардың ең басты кемшіліктері – мұндай марафонға әлі қалыптаспағандығы. Бұл қысқа қашықтықтағы бәйге емес, әу дегеннен атқа қамшы басатын. Бұл жерде сәйгүліктердің мүмкіндігін ескеру маңызды.

Аласа келгенімен, алысқа шабатын Адай жылқысын тізгіндеген Руслан Дүйсенбай: «Мәре біздікі», – дейді. Франция, Ресей секілді алыс-жақын шет елдерде өткен марафондарда жүлде салған шабандоз мұндай сында арнайы тактика қажет екендігін айтады.

Руслан Дүйсенбай, шабандоз:

- Бірінші күн ауыр болды. Содан кейін жақсы келе жатырмыз. Командада Ресейде өткен 120-160 шақырымдық марафондарды ұтқан ағаларымыз бар. Бұйыртса жеңеміз деген ойдамыз.

Түркістанға бірінші жеткен команда да жүлдеге ие болу үшін кемінде үш ат қалуы тиіс. Шарт солай. Дегенмен ұйымдастырушылар тарапынан жеңіске жігер танытқандарға да арнайы сый бар.

Арман Абдоллаев, ұйымдастырушы:  

- Марафон бәйгенің бірінші күнінен бастап шабандоздардың айтып отырғандары, баяғыдан бері күткен шара, жылдап күткен шара. Осыған дейін ұйымдастырып берсе, қатысамыз деген үлкен армандары екен. Сол армандарына жетті.

Көшпелі шатыр Жошы хан кешенінің іргесіне тігілді. Шабандоздар ғасырлар қойнауынан сыр шерткен мәдени ескерткіштің тарихымен танысып, жергілікті өнерпаздардың ән мен күйіне құлақ құрышын қандырды. Аламанға түскен 95 аттың небәрі 35-і ғана 500 шақырымды еңсерді. Өзгелері болдыртып, жарыс жолынан шығып қалды. Әзірге Ақтөбе, Маңғыстау облысы командаларының аттары бабында. Шабандоздар 600 шақырымнан соң екінші ат ауыстырып, бетпақдала арқылы Түркістанға бет түзейтін болады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев