Ұлытау облысында еңбек жәрмеңкесі болып жатыр

Мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – азаматтардың қызметке қол жеткізуіне тең құқық беру. Еңбек жәрмеңкесін орталық алаңда ұйымдастырудағы мақсат осы. Халықты кеңінен ақпараттындыру үшін арнайы демалыс күні өткізілді.

Жанар Қайыр, облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басқарма басшысы:

- Өздеріңіз көріп отырғандай азаматтар қызушылықтарын танытып отыр. Қызықтырған сұрақтарына жауаптарын алып,мемлекеттік органдардағы бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді алып жатыр.

Көшпелі еңбек жәрмеңкесіне жұмылдырылған 10-нан астам мемлекеттік мекеме 200-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Қызметтің де сан түрі бар. Қатардағы маманнан басшылық лауазымға дейін бақ сынап көруге болады.

Гүлнара Сейітжанова, облыс әкімдігінің бас инспекторы:

- Облысымызда қазір 18 басқарма бар. Сол 18 басқармада қазіргі таңда 70 шақты бос лауазымға орын бар. Арнайы талаптар, біліктілікке талаптар болады. Соның барлығы сайтта көрсетілген, қатысыңыздар, құжаттарыңызды тапсырыңыздар.

Тіршілігі өндіріспен сабақтас аймақта жұмыссыздық аса үлкен мәселе емес. Бүгінгі таңда облыс бойынша жұмыссыздар саны 1700. Бұл - еңбекке қабілетті азаматтардың 4 пайызы. Жұмыспен қамтуды үйлестіру мақсатында тоқсан сайын әр сала бойынша еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады.

Жалпы облыс бойынша бүгінде 800-ге жуық бос жұмыс орындары бар. Мемлекеттік қызметшілерден бөлек, негізгі талап етілетін мамандықтар қатарына балабақша тәрбиешілері мен медицина қызметкерлері жатады. Жүйелі түрде ұйымдастырылатын еңбек жәрмеңкесі нәтижесін беріп тұр. Мысалы, өткен аптада бір күнде 47 адам екі қолға бір күрек тапса, бүгін 20-дан астам азамат мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібімен танысып, қажетті кеңес алды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов