Президенттік саябақ саялы мекенге айналды

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Астана қаласындағы Алматы ауданының жұртшылығы бүгін осыны дәлелдеді.

Мизамшуақ шақтың шуақты күнінде Президенттік саябаққа жиналған түрлі сала өкілдері 400-ге тарта ағаш отырғызып, қаланы көгалдандырды.

Абзал Әжіғалиев, Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Таңертең тұрып, таңғы жаттығу алдында сенбілікке қатысуға шешім қабылдадым. Әртүрлі саладан бірге жиналып жатырмыз. Мен спорт қауымынан келіп, өзімнің үлесімді қосып жатырмын.  Осындай шараға әрбір саладан бастарын қосады. Мен қуаныштымын.

Иә, сауапты іс басталғалы ауданда 1000 ағаш отырғызылған. «Бірге таза Қазақстан» экологиялық айлығына бас-аяғы 20 мың адам қатысып жатыр. Өткен аптада олардың біразы тазалық жұмыстарын атқарса, бүгінгі демалысын қайың, шырша отырғызып өткізді.

Мақсат Саматұлы, Алматы ауданының әкімі:

- Астана көгалдандыру құрылысы деген қалалық мекеме бар. Сол мекеменің жұмысшылары ағаштарды күтіп-баптайды, суарады. Ол қадағалауда болатын жұмыстар. Алматы ауданында 6 үлкен саябақ бар. Біз күнделікті жаяу жүру арқылы осы саябақтарды тексереміз.

Жас пен жасамыс бас қосып, қоғамға пайдалы істі бірге атқаруы құптарлық әрине. Бастысы, бас қаланың гүлденуі елге ортақ игілік.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров