Түркістан облысында ауылішілік жолдар жөнделіп жатыр

Биыл Түркістан облысының Түлкібас ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ауылішілік жолдарды жөндеуге көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек аудандық бюджет есебінен көшелерге асфальт төселіп жатыр. Бұрын жөндеу көрмеген жолдар тегістеліп, ауылдықтар қуанып қалды.      

Балықшы ауылдық округінің орталығы – Балықшы ауылында мыңнан аса түтін, бес мыңдай халық тұрады. 22 көше бар. Алайда тұрғындар осы уақытқа дейін мүлдем асфальт төселмеген көшелер барын, әсіресе көктем мен күз айларында жол азабын тартатын айтады. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы көшелерге асфальт жабындысы төселіп жатыр. Бүгінге дейін 6 көшенің жол жөнделіпті.

Мықтыбек Айтубаев, Балықты ауылының тұрғыны:

- 13 көшеге мүлдем асфальт төселмеген еді. Ал мына орталық көше осыдан 5-6 жыл бұрын жөнделген. Бірақ тозып кеткен еді. Соның орнына қайтадан жаңадан асфальт төселді.

Мамандар бір айдың ішінде қалған 7 көшені  толық асфальттаймыз деп отыр. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 260 млн теңге қаржы бөлінген. Балықты ауылдық округіне 5 елді мекен қарайды. 12 мыңнан астам тұрғын бар. «Ұрбұлақ пен Шарапкент елді мекендерінің жолы толығымен жөнделген», – дейді округ әкімі.

Мұстафа Телғараева, Балықты ауылдық округінің әкімі:

- Одан бөлек Абай ауылында үш көшенің 500 метрлік жері қалды. Көкбұлақ ауылында 6 көше болса, соның 3 көшесін жоспарға енгіздік. Ол да шешімін табады.

Биыл Түлкібас ауданы бойынша ұзындығы 42 шақырым болатын 37 көше жөнделеді деп жоспарланған. Оның 23 көшесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асса, қалған 13-і аудандық бюджет есебінен жөнделеді. Оған барлығы 620 млн теңге қаржы бөлінген.

Әлімжан Мүсірәлиев, аудандық Автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Жалпы Түлкібас ауданында былтырғымен салыстыратын болсақ, асфальттанған көше 77,8% болтын. Биылғы осы көшелер жөнделгенде 88% жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Мамандар келесі жылға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Майтөбе мен Машат елді мекендерінің жолын жөндеуге ұсыныс берілгенін айтады. Осылайша, келер жылы аудандағы қанағаттанарлық жолды 94% жеткізу көзделіп отыр.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов