Қарағанды өңіріндегі 176 ауылда таза су жоқ – Қ.Тоқаев

Мемлекет елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компания қызметін жіті бақылайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қатаң қадағалайды. Сондықтан капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол берілмейді. Өндірісті жаңғырту үдерісіне, экологияны қорғау ісіне ерекше назар аударылады. Салық төлемақысы ерекше бақылауда. «Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, серіктестіктің жұмысы тоқтатылады. Бұл ешқандай қорқыту емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын. Көлді сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы керек. Қазір суды тазартып, тұшытатын заманауи технологиялар баршылық. Қандай шөлді жер болса да, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Әкімдік ірі бизнес өкілдерімен бірге бұл жұмысты мықтап қолға алуы керек.