Тамақ қалдығын қоқысқа төгуге салынған тыйымды алып тастау ұсынылып отыр

Елімізде тамақ қалдықтарын қоқысқа тастауға тыйым салынғалы 2 жылға жуықтады. Алайда елде азық-түлік қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт бірен-саран. Салдарынан қоқыстар полигонға төгіліп жатыр дейді-экологтар. Сол үшін тыйымды алып тастау керек деп отыр. Бірақ Экология министрлігі мәжбүрлі шара болмаса, тиісті сала дамымайтындығын алға тартады.

Бүгінде дамыған мемлекеттер тамақ қалдықтарын біз секілді қоқысқа тастамайды. Қайта өңдеп кәдеге жаратып жатыр. Биогаздан бастап органикалық тыңайтқыштарға дейін шығарады. Алайда біз бұл істе артта қалдық. Енді ғана Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстарында биогаз өндірісі қолға алынды. Нан қалдықтарын өңдейтін шағын зауыттар ашылып келеді. Бірақ бұл кәсіпорындар елдегі барлық тамақ қалдықтарын өңдеу мәселесін шеше алмайды. Соған қарамастан, былтырдан бері полигонға төгуге тыйым салынды. Министрліктің бұл шешіміне экологтардың өкпесі қара қазандай. 

Лаура Мәлікова, тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрағасы:

- Полигонға жіберуге тыйым салынды. Ал оны өңдейтін инфраструктура әлі қосылған жоқ. Салынды бірақ оның операторы әлі жоқ. Сондықтан мынадай мәселе туындап жатыр. Яғни артық қыламыз деп тыртық қылып отыр ғой былайша айтқанда біздің депутаттарымыз. Яғни тәжірибешіл экологтарды, салалық ассоциацияларды тыңдаған жоқ.

Бірақ бұған салаға жауапты министрлік өкілінің өз айтары бар. Негізі тиісті шешім 2019 жылы іске асуы керек болған. Алайда кейінге шегеріліп, былтыр ғана заң күшіне енді.

Абылай Алмұханов, ҚР ЭГТРМ департаменті басқармасының  басшысы:

- Тамақ қалдықтарының экологияға зиянын ескере отырып бұл норманы алып тастауға министрлік қарсы болып отыр. Бұл норма болмаса сәйкесінше инфрақұрылым дамымайды. Егер де біз 2021 жылдың кейінге шегергенде бұл саланың қайта өңдеуі сол деңгейде қала береді. бұл норманың болғаны дұрыс. Ол саланы дамытуға ынталандырады деп айтуға болады. 

Тамақ қалдықтарын полигонға төгу арқылы біз қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреміз. Қалдықтардан метан, азот секілді улы газдар бөлінеді. Бірақ қайта өңдейтін зауыттар елде бірлі жарым ғана. Оның өзінде 3 қана облыста орын тепкен. Сондықтан қоқыс жинаушылар қалдықты полигонға төгуге мәжбүр. Экология министрлігі қордаланған мәселеден құлағдар. Бірақ заң қабылданып, күшіне енгенге дейін 5 жыл уақыт өткенін алға тартуда. Ал жергілікті әкімдіктер осы аралықта мәселені шешуге міндетті болған. 

Назерке Әбдірахманқызы, Арман Ақшабаев