Қызылорда облысында балық шаруашылығы жандана бастады

Аралға келген су тіршілікті жандандырды. «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» мемлекеттік мегажобасының пайдасы бұл. Қазір өңірде 10 ірі балық зауыты жылына 15 мың тонна өнім шығарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді балық қорын молайту да мемлекеттің есебінен жүргізіліп жатыр. 34 инкубациялық тоғаны бар «Қамыстыбас» тұқымбағы тағы да айналадағы өзен-көлдерге ақ амур, дөңмаңдай мен тұқы балығының 15 миллионнан астам шабағын жіберді. Биылдыққа 250-дей айдыннан 15 тоннадай қоқыс шығарылған. Соңғы жылдары өндірістік қуатын 5 есе арттырған тұқымбақ енді пілмай және қаяз балықтарын өсіруді қолға алмақ. Кәсіпорын Арал ауданындағы Қосжар ауылы тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отыр. 

Жанқожа Сапаров,Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

– 14 млн 800 000 дана бір жаздық және 420 000 дана екі жаздық балық шабақтары барлығы 15 млн 220 000 дана балық шабақтары Арал теңізі, Сырдария өзені, Қамыстыбас көліне жіберілетін болады. Балықтандыру жұмыстары Арал-Сырдария бассейндік инспекцияның, ғылыми ұйымдардың, балық шаруашылығы қоғамдық бірлестіктердің, жергілікті атқарушы органдардың және осы тұқымбақ қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілетін болады.

Сәкен Мырзағазиев, «Қамыстыбас» тұқымбағының директоры:

– Көктемнен бастап 50 млн-нің жобасында уылдырық аламыз. Соның 70%-і кетіп, 30%-і қалатыны. Ала жаздай соларды жемдейміз, баптаймыз, бағамыз. Сөйтіп күзде осы жаздық салмағы 20 граммға жеткеннен кейін екі жаздық шабақтардың салмағы 150-ге жетуі керек.