Елордада ДС саласындағы радиологияға арналған ғылыми конференция өтті

Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы радиология қарыштап дамып келеді. Бұл туралы елордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында айтылды.

Сарапшылардың айтуынша, өкпе аурулары, жүрек патологиясы, онкологиялық ауруларды емдеуде радиологияны қоЛданудың маңыздылығы арта түскен. Осы саладағы Қазақстанның озық тәжірибесі мен үлгісіне алыс-жақын шетелдің мамандары қызығушылық танытып отыр. Конференцияға Ресей, Өзбекстан, Германия сынды елдердің радиологтары қатысып, пікір алмасты. Ғалымдар сондай-ақ Қазақстандағы ядролық медицинаны дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Астана медицина университетінде еліміздегі радиологиялық қызметтің негізін қалаушы Жанғали Хамзабаевтың 85 жылдығына орай Ғылыми кеңес залы ашылды.

Камалжан Надыров, Астана медицина университетінің ректоры: 

- Еліміздегі радиологиялық қызмет деңгейінің жоғары екендігін шетелдік әріптестеріміз де айтып жатыр. Қазақстанда радиологиялық қызметтің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, алғашқы рентгенолог Жанғали Хамзабаевтың еңбегін ерекше атап өту қажет. Себебі ғалымның ізбасарлары бүгінде Қазақстан медицинасын дамытуға айтарлықтай үлес қосып жүр. Ал ғылыми конференция барысында сала мамандарының ұсыныстары ерекше назарға алынады.