Ақмола облысының Жақсы ауданында жаңа диірмен іске қосылды

Нысан Запорожье ауылында орналасқан. Тәулігіне 5 тонна ұн шығаратын өндіріс ошағы әзірге аудан көлемін ғана қамтамасыз етпек. Ал оған шикізат жеткілікті ме? Шығарылған өнім қайда жіберіледі? 

Жартылай автоматтандырылған бұл диірменнің жобалық қуаттылығы тәулігіне 15 тоннаға жуық өнім шығару. Яғни, айына 450 тонна ұн өндіруге қауқарлы. Алайда әзірге бұл көрсеткіштің тек үштен бірі ғана еңсеріліп отыр. Себебі кешен күні кеше ғана іске қосылды. Дегенмен, оған қазірдің өзінде жан-жақтан сұраныс түсе бастаған. 

Игорь Хунцария, серіктестік директорының орынбасары:

- Қазір біздің ұнды еліміздің өзге облыстарымен қатар Ресейдің кейбір аймақтарынан да сұрап жатқандар бар. Өйткені, бұл маңайдың бидайы өте сапалы. Оның үстіне қондырғылар да заманауи. Ұнды жабық әдіспен өндіреді. Жоғарғы және бірінші сұрыптағы ұн шығарамыз. 

Нысанда небәрі 4 адам ғана жұмыс істейді. Ал шикізат тапшылығы болмайды дейді мұндағылар. Себебі диірмен кешенін іске қосқан серіктестік 50 мың гектар жерге егін егеді. Бұдан бөлек аймақта ұн өндіретін тағы 37 кәсіпорын бар. Олар жыл сайын 800 мың тонна өнім шығарады. Ақмолалық диірменшілер тек отандық нарықты ғана емес, әлемнің бірқатар елін ұнмен қамтамасыз етіп отыр. 

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылдың 8 айындағы статистика бойынша ұн өндірісі жылдағыдан 1 жарым есеге өсті. Бұл, сұраныстың артқанын білдіреді. Ақмолалық ұн қазір Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан секілді елдерге экспортталып жатыр. Жалпы өнімнің 70-75 проценті шет елдерге жіберіледі. Одан бөлек еліміздің бірнеше облысына сатылады. 

Аймақта соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі қарқын алып келеді, дейді жергілікті билік өкілдері.

Айталық, қазір облыста 14 сүт зауыты, 15 ет өңдеу комбинаты мен 8 май зауыты жұмыс істеп тұр. Ал жалпы бұл салада 100 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко