Риддер халқы үйінде суықтан бүрсеңдеп отыр

Риддерде үй жылымайды. Тұрғындар бұл қыста да қалтырап отырамыз ба деп уайымдайды. Жылдағы жағдай осы. Жұрт айтудан да шаршаған. 

Жылу электр орталығы да қаусап тұр. Құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған.

- Поставили новые батареи для того чтобы было теплее немного, разницы очень мало.

Риддерліктер  жылдағыдай биыл да қысқа барынша қамдануға кіріскен. Роман Палийчук үйіндегі батареялардың барлығын ауыстырып шығыпты. Қосымша  электр бойлерін де алып қойған. Өйткені тозығы жетіп тұрған қаладағы жылу қазандығының қуаты шамалы екенін біледі. 

Роман Палийчук, Риддер қаласының тұрғыны:

- Балаларды жуындыру үшін  алдымен су ысытып аламыз.Өйткені құбырдан тек суық су ағып тұр. Екі айда бір рет қана ыстық су беріледі,болмаса ол да жоқ.

Ал коммуналдық қызмет өкілдері  бұл мәселеге жылу электр орталығының қатысы жоқ деп отыр. Бірақ орталықтағы жағдайдың ушығып тұрғаны жасырын емес. Бұл кәсіпорынды қысқы маусымға дайындау үшін , қаладағы бюджеттік мекемелерден алдын ала аванс ретінде  90 миллион теңге  жылу ақысы алынды.  Алайда осыдан мәселе шешілсе қайсы. Тозып кеткен желілер қысымды көтермейді. Сондықтан ендігі бар үміт жаңадан қосылатын 4 шақырымдық жылу желісінде ғана. 

Нұрсұлтан Көккөзов, Риддер қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Ықшам аудандарға баратын жылу желісінің тармақтары қатты қысымды көтере алмайды,Ескіріп кеткен. Енді 3 тармақ қосылады, жылу электр орталығының қуаты жетеді.

Айта кету керек, осы 4 шақырымдық жаңа жылу желісіне бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінеді.Желі жаңа мектепке, сонымен қатар 6 мыңға жуық тұрғын қоныстануы тиіс ықшам ауданға жылу тарататын болады. Жалпы  облыс бойынша барлық жылу  қазандықтарының қоймасы көмірге толы екен. 

Нұрлан Рамазанов, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Мамыр және қыркүйек айларының ішінде былтырғымен салыстырғанда 70 мың тонна көмір артығымен әкелінді. Яғни біз ерте бастадық, ең біріншіден, бюджеттік мекемелерге тасуға тырыстық. Биыл көмір бойынша ешқандай ажиотаж болған жоқ.

Осылайша қазір 423 мың тонна көмір жиналып тұр екен. Яғни бұл салаға мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалуда. Сондықтан Риддер тұрғындары қаладағы жылу электр орталығы сапалы қызмет көрсетуге көбірек көңіл бөлсе деген пікірде. 

Эльмира Ахметова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин