Көкшетауда Республика күніне орай мыңға тарта іс-шара ұйымдастырылады

Қазанның 25-і күні еліміз Республика күнін атап өтеді. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен егемендік туралы декларация қабылданған болатын.

Құжат Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Ақжайық атырабында қаырымдылық акциялар мен патриоттық челлендждер бастау алса, Көкшетауда бұл күн мыңға тарта мазмұнды іс-шарамен айшықталмақ.   

Егемендік туралы декларацияның ел іргесін бекіте түсудегі саяси мәні зор. Тарихи құжат территориялық тұтастықты нығайтып, тәуелсіздіктің іргетасын қалады. Сондықтан болар, бұл күнді батысқазақстандықтар да бүкілхалықтық мереке ретінде кең ауқымды іс-шаралармен атап өтпек. 

 Ерболат Исанов, облыстық Ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

- Облыстың барлық аудандарында Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік наградаларымен марапаттау рәсімі, салтанатты жиналыс пен мерекелік концерт өткізіледі. Мемлекеттік модельді және саяси мәдениетті жаңарту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылады.

Мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі. Сонымен бірге мәдени-бұқаралық іс-шаралар, шығармашылық байқаулар, фестивальдар мен концерттер өткізу жоспарланып отыр. Қайырымдылық айлығы аясында жаппай экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы  патриоттық челлендждер сериясын қолға алмақшы.  

Қуанышбек Мұханғалиев, Мәдениет, тілдерді дамыту

және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:

- 25 қазан күні Тұңғыш Президент алаңында сағат 18:00-де қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысумен және біздің өңірге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт және отшашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық аудандарда тақырыптық іс шаралар легі жоспарланған болатын.

Ақмола облысында Республика күніне орай бас-аяғы 1 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылады. Ал олардың ішіндегі 100 шақтысы өте ауқымды көлемде өткізілмек. Мәселен, «Мен – елімнің ертеңімін» атты оқушылар форумы, патриоттық әндер байқауы, ақындар айтысы мен жас өлкетанушылар жиыны көрерменін күтеді. Ал 25 қазан күні барлық алаңдарда халықтың қатысуымен мерекелік іс-шара болады. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі.

Нариман Әбдірахманов, облыстық  Ішкі  саясат басқармасы басшысының орынбасары:
- Мәселен, Республика күніне орай Бестөбе ауылының №2 орта мектебінде өлкетану музейі ашылса, Сандықтау ауданында 36 пәтерлі 2 үй пайдалануға беріледі. Ал Қоянды ауылында жаңа медицина орталығы іске қосылады. Қазір елді мекендерді мерекеге сай безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Республика күніне орай Батыс Қазақстан облысының  Теректі  ауылында  тарихи-өлкетану  музейі ашылады. Ал Бәйтерек ауданында «ШЫҢ» сазды-драма театры ғимараты пайдалануға беріледі. Дәл осы су жаңа ғимаратта Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «РУХ» қойылымы көрермен назарына ұсынылады. 

Авторы: Талғат Серікқалиұлы