Алатаудың бөктеріне қауіп төнді

Алатау бөктеріндегі Бутаков шатқалының бір бөлігіне құрылыс жұмыстары жүргізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, «Медеу» мемлекеттік табиғи паркіне қарасты аумақ мақсаты өткен жылдың маусымында өзгертіліп, 22 гектар жер тұрғын үй салуға берілген. Табиғи парк жерін құрылыс мақсатына пайдалану заңсыз деген заңгер әлеуметтік желіде үндеу жасап, мәселе Мәжілісте көтерілді.

Табиғат жанашыры, заңгер Бақытжан Базарбектің айтуынша, Бутаков шатқалының бестен бірі тұрғын үй салуға берілген. Нақтырақ айтсақ, былтыр 25 маусымда «Медеу» табиғи паркінің бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, рекреациялық аумақтың 22 гектары тұрғын үй салуға беріліпті. Алатаудың табиғатына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қауіп төніп тұр деген маман бұл шешімді заңсыз деп есептейді.

Бақытжан Базарбек, заңгер:
- Жердің бір меншік иесі өзінің жерін 60 учаскеге бөліп тастаған. Жердің нысаналы мақсатын ауыстырған да оны бөліп тастаған. Демек ертең ол 10 соттық жердің жаңа меншік иелері үйді соғады деген сөз. Үйді соғу үшін сол жердегі шырайлы ағаштарды кеседі деген сөз.

Табиғи паркке тиесілі жердің мақсатын ауыстыру Жер кодексі, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң, Сәулет және қала құрылысы туралы заңды өрескел түрде бұзды деген заңгердің сөзін депутат Азат Перуашев Парламент қабырғасында көтерді. Осы мәселе туралы Бас прокурорға депутаттық сауал жолдады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-  Бақытжан Базарбектің ақпаратынша, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер телімдері бөлініп жатыр. Құрылыс жобасы да жасалуда. Автордың айтуынша, Жер, Экология  кодексі өрескел бұзылған және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Іле Алатауы бөктерінде құрылыс жүргізуге тыйым салу тапсырмасына қайшы әрекет туындап отыр.

 Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов «Медеу» табиғи паркіне қатысты ақпаратты тергеп, тексеруді тапсырды. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- «Медеу» табиғи паркіне қатысты Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтқан ақпаратты жақын арада тексеру үшін Алматы прокурорына тапсырма бердім. Ақпарат расталса, қажетті шара қолданылып, кінәлілер жауапқа тартылады.

Мәселенің мән-жайын білмек болып «Медеу» табиғи паркінің өкіліне хабарласып едік, жауап болмады. Әйтеуір интернет сайтында парк- жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тарапынан болатын табиғатқа деген кері әсерлері мен антрапогендік қысым салдарының алдын алу үшін құрылды деп жазылған. Көлемі 708 гектардан асатын туристік аумаққа Бутаковтан бөлек Медеу және Шұмбұлақ шатқалдары да кіреді.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев