Қарағандыда Рухани келісім күніне арналған шара ұйымдастырылды

Қазақстанда биыл 30-мәрте «Рухани келісім күні» аталып өтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандылықтар бейбітшілік пен келісімнің бесігіндей болған атаулы дата қарсаңында рухани келісімге сүбелі үлес қосып жүрген жандарды марапаттады. Жалпы мерекелік апталық аясында кеншілер шаһарында жүзден аса іс-шара өткізілмек. Рухани келісім күні Қарағандыдағы «Достық үйінде» бастау алды. Мұнда облыстың барлық дерлік діни және этномәдени бірлестік өкілдері бас қосқан. Бірініші кезектегі мақсат дін – қастасудың емес, достасудың құралы екенін әрбір жанға жіті түсіндіру болып отыр.

Естай Әбдіғали, Қарағанды облысының бас имамы:

– Дінімізде бұл мерекеге байланысты өзге ұлт пен ұлыстарға, дін өкілдерін құрметтеуге шақырады. Жалпы ислам сөзінің өзі де бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Жалпы ислам діні көршімен қарым-қатынасты жақсы ұстауға, өзге адамдарға мейірімділік танытуға осының барлығына үндейді.

Қарағанды облысында қазір 130 мешіт бар болса, тағы 11 Алла үйі салынып жатыр. 160-тан астам имам бар. Олардың біліктілігі әркез жетілдіріліп отырады. Бүгін облыстың профилактикалық жұмыстарында қызмет еткен жандар алғысқа бөленді.

Облыста діни бірлестіктер жетекшілерінің клубы бар. Онда дәстүрлі де дәстүрлі емес дін өкілдері де мүшелікте. Сондықтан диалог алаңында өзекті мәселелер қашанда ашық талқыланады.

Дмитрий Полтаренко, «Діни бірлестік жетекшілері» клубының модераторы:

– Біздің клубта талқыланған 3 бірдей өзекті мәселелер елдің діни бірлестіктері заңнамасы бойынша толықтыруларға енгізілген. Елдің заңы ешбір діннің жеке құқығын таптауға жол бермей, керсінше қолдау беріп отыр. Дін-қашанда бірліктің нышаны болуы тиіс. Қазақстанда бұл үрдіс жақсы сақталған.  

Дәстүр бойынша бұл күні діни бірлестік өкілдері ауыр науқастар жатқан емдеу мекемелеріне барады. Биыл да «Жүректен жүрекке» қайырымдылық науқаны аясында облыстық онкологиялық диспансерге бару жоспары бар. Мұнан соң рухани іс-шаралар түрлі тимбилдингтермен жалғасын табады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар