Qazaq Oil жанармай бекеттері жаңартылып жатыр

Жанар-жағармай құю бекеттер желісі толықтай заман талабына сай жаңартылып жатыр.

Сонымен қатар компанияға тиесілі мұнай базалары  жөнделуде. Жалпы республика бойынша 12 база бар. Солардың үшеуі ел шығысында. Ең көне базалардың бірі Аягөз қаласында екен. Аталған мекеме үш бірдей ауданды жанармаймен қамтамасыз етеді. «Сондықтан қайта жаңғырту жұмыстарының маңызы зор», – дейді сарапшылар.

"Қазмұнайгаз" жанармай құю бекеттерінің жекеменшік теңгерімге өткеніне үш жыл болды. Бүгінгі күні оған тиесілі 381 жанар жағар май құю бекетінің 220-сы брендтік өзгеріске ұшырады. Осылайша, қазір Qazaq Oil деген танымал атауға ие. Жаңғырту жұмыстарына компания 40 млрд теңге жұмсады. Тұтынушылардың пікіріне қарап еңбектің зая кетпегені байқалады.

Бақытжан Комаев, Аягөз қаласының тұрғыны: 

- Сапасы, қызмет көрсетуі жақсы.

Ендігі кезекте мұнай базаларын жөндеу шаруасы тұр. Мәселен, Аягөзде 37 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан резервуарлар бар. Сондықтан ондағы цистерналардың қауіпсіздігі басты назарда. Серік Қасымханов – осында темірдей талап сақталуына жауапты маман. Жөндеу барысын жіті бақылайды. Айтуынша, базадан өрт шығуы мүмкін емес.

Серік Қасымханов, Аягөз қаласындағы мұнай базасының бас инженері:

- Неге десеңіз, тамыз айында ғана үлкен жұмыс жасап, «тунгус»деген қауіпсіздік ұнтақты орнатты. Өрт шыққан кезде ол қолма-қол өшіріліп, жұмысшыларымыздың өмірін құтқарамыз.

Qazaq Oil өз қарамағындағы 12 мұнай базасын толық жаңғырту үшін 10 млрд теңге бөліп отыр. Әрі бұл жұмыс жалғаса бермек.

Әсел Әлімханова,  Qazaq Oil жанармай құю станциялар желісінің  PR директоры:

- Бес жылдың ішінде оның бәрін тәмамдаймыз және жанар-жағармай құю бекеттерінде жаңғыртуға тағы 25 млрд теңге  қарастырылды.

Аягөз қаласында кәсіпорын ғимарттарын жөндеу басталып та кеткен. Өйткені стратегиялық маңызы жоғары. Мұнда үш бірдей аудан жұртына, яғни Аягөз,Үржар,Тарбағатай аудандарына арналған жанармай сақталады.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин