Биыл отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалған – ІІМ

Отбасында ойран салатындар азаймай тұр. Биылдың өзінде ошақ басындағы жанжалда 668 қылмыс жасалған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес полицейлер арыз-талапсыз «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Ескерту жасаумен ғана шектеледі. Биыл 35 мың әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынып, 8 мыңнан аса адамға ескерту берілді. 675 адамға айыппұл салынды- деді министр. Қиын жағдайға тап болған 7 мыңнан астам әйел дағдарыс орталықтарына жіберілді. Дегенмен, бұндай орындар саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мың хабарлама келіп түскен. Ал ол жерде тек бір ғана дағдарыс орталығы бар. Атырау мен Солтүстік Қазақстанда да жағдай осындай. Абай және Қызылорда облыстарында мұндай орталық мүлдем жоқ. Марат Ахметжанов Үкімет басшысына психотүзету орталықтарында мамандарды әзірлеу шарасымен Денсаулық сақтау министрлігі арнайы айналысса деген өтініш жолдады. Себебі барлық отбасылық жанжан мас күйінде жасалады. Уәкілетті министрліктер жұмыла айналысса мәселені шешуге сеп болар еді дейді.