Елімізде тауарды заңсыз сертификаттаған консалтингтік компаниялар анықталды

Елімізде сәйкестік сертификаттарын заңсыз жолмен жасаумен айналысып келген консалтингтік компаниялар анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңға сәйкес сертификаттау және сынақ жұмыстарын тек аккредиттелген растау органдары мен арнайы зертханалар ғана жүргізе алады. Ал бұл компаниялар құжаттарды небәрі бір тәулік ішінде еш сынақсыз жедел рәсімдеп беріп отырған. Салдарынан шетелден келетін сапасыз тауарлар нарыққа тарап кетуі мүмкін. Бұл қызметтерді олар интернет желісінде ұсынып жүзеге асырып келген. Жыл басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижесінде осындай 20-дан астам  интернет-ресурс анықталып бұғатталды.

Қайсар Шалабаев, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:

- Кез келген тауар. Мысалы, кішкентай балалар ойнайтын ойыншықтарды шетелден алып келеді. Оларға бір күннің ішінде сертификаттар беріледі. Ол тауардың құрамында не бар? Кішкентай балалар оны аузына салады, тістейді. Оның ішінде мүмкін химикат заттар бар шығар. Оған сол интернет ресурстар арқылы жариялап, бір күннің ішінде лабораториялық зерттеусіз сертификаттар беріп жатыр. Бұл – тауарлардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін зат.