Бүгін – Халықаралық алма күні

Осыған орай Алматыдағы Алма музейінде «Білім бағы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қазақстан әлемдегі алма атаулының бағзы тұқымы Сиверс алмасының отаны екені мәлім. Осыған қатысты зерттеушілердің құнды еңбектері көрмеге келушілер назарына ұсынылды. Олардың қатарында бүкіл өмірін Іле Алатауы баурайындағы мәуелі жемісті зерттеуге арнаған Аймақ Жанғалиевтің «Қазақстанның жабайы алмасы» деп аталатын монографиясы да бар. Әлемде жабайы алманың 31 түрі өседі. «Алайда олардың жемісі ұсақ болып келеді», – дейді ғалымдар. Ал Сиверс алмасы ірілігімен танымал. Сондай-ақ дәл осы жабайы алма түрінен жаңа мәдени сұрыптарын алуға болады. Селекция үшін бұл өте маңызды.
Наталья Огарь, биология ғылымдарының докторы, профессор:
- Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің аумағында Аймақ Жанғалиұлы алма өсірумен айналысқан. Ботаника институтында біз бірге қызмет еттік. Аймақ Жанғалиұлы жабайы алмаға бірінші болып назар аударды. Көптеген экспедицияға шықтық. Сол жерлерде ғалым жабайы алма мен мәдени алманы будандастырып, жаңа сұрыптар өсірді. Ол алма ағаштары әлі де өнім беріп тұр.